Қызылжарда мердігердің жауапсыздығынан аула мәселесі ақсап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылжарда мердігердің жауапсыздығынан аула мәселесі ақсап тұр

11.09.2019

Петропавлда балаларға арналған ойын алаңдарын салуы тиіс мердігер компания ақшаны алғанымен жұмысты аяқтамады. Қоғамдық ұйым өкілдері жүргізген тексеріс барысында біраз олқылықтың беті ашылды. Кейбір аулаларда тіпті спорттық жабдықтар мен жарық бағандары мүлдем қойылмаған. Мәселенің мән-жайын өңірдегі тілшіміз тарқатады. 

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

Бұл - Алтынсарин көшесіндегі үй. Тұрғындар спорттық құрылғыларды көктемнен бері күтіп жүр. 

Надежда Бреева, қала тұрғыны: 

Біз күтіп жүрміз. Бірнеше рет айттық. Уәде береді, күтіңдер дейді. Бірақ әлі жоқ. Болмайтын да шығар енді. Біздің аулада қарт адамдар бар, спортпен шұғылдануға жақсы болар еді. 

Ал бұл - Интернационал көшесіндегі үйдің ауласы. Мердігер компания ойын алаңын жүрдім-бардым орнатып кеткен. Мына әткеншекке бала түгіл, ересек адамның мінуі қиын. 

Қоғамдық бақылау ұйым мүшелерінің айтуынша, балалардың ойын алаңын салуға қаражат мемлекеттік сатып алу порталы арқылы өтпеген. Яғни, бармақ басты көз қысты әрекеттер болуы мүмкін. 

Руслан Асаубаев, «Бірінші жемқорлыққа қарсы медиа орталық» РҚБ облыстық филиал басшысы: 

Бұл мемлекеттік сатып алу туралы заңға қайшы. Заң бойынша бір кәсіпкермен тек тек 500 есептік айлық көрсеткіштен, яғни 1 миллион 200 мың теңгеден аспау керек. Ал олар 200 миллион теңгеге келісім жасаған. Біз басқа кәсіпорындардың құжаттарын қарап бұл сомаға, бұдан да көп алаңдар салуға болатынын көріп отырмыз. 

Мердігер бұл ақшаға 49 аулаға балалар алаңың салып, спорттық тренажерлар орнатуы тиіс. Қазіргі күні бір бөлігін орнатып, ақшасын алып үлгерген. 

Әсем Айтулова, қалалық ТҮКШ бас маманы: 

Тексеріс нәтижесі бойынша мердігермен жұмыс жүргізілді. Балалар алаңдары мен спорттық тренажерларды түгел орнататын болды. Белгілі мерзімде жөнге келтірмесе әкімдік мердігерді сотқа беруге құқылы. 

Қоғамдық мониторинг жүргізген белсенділер мердігердің жауапсыздығы мен әкімдіктің салғырттығын сынға алды. Себебі миллиондаған қаржы желге ұшты. 

Сағындық Сәбитұлы 

Хабарламаларға жазылу