Отандық автоөндіріс саласы дамуда

11.09.2019

Қостанайдағы автоөндіріс саласы арындап болмаса да, аяңдап алға жылжып келеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2017 жылы кәсіпорын 6 мың, 2018 жылы 12 мың көлік шығарған. Ал биыл зауыт басшылары бұл көрсеткішті 21 мыңға жеткіземіз деп отыр. Өндірістің өркендеуі қашанда қазынаға құйылар қаржыны молайтады. Ең бастысы, жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. 

Айбол Ерішовтің зауытта еңбек етіп жатқанына алты жылға жуықтады. Жергілікті оқу орнында техникалық мамандық бойынша жоғары білім алып шыққан соң бірден осында жұмысқа орналасқан. Қазіргі міндеті - құрастырылып болған көліктің басқару тетіктерін тексеру, талапқа сай реттеу.

Айбол Ерішов, жұмысшы:

Оның барлығы компьютер арқылы тексеріліп, реттеледі. Бұл - кореялық құрылғылар. Олар әмбебап болғандықтан, бірнеше көлік түрлерін жасауға жарай береді. 

Бұл желіден қытайлық JAC көліктері шығарылады. Оның қорабын дәнекерлеруден бастап, сырлау, құрастыру жұмыстары осы зауытта атқарылады. Жобаға қытайлық компания 17,5 млн доллар көлемінде инвестициця құйған. Қазір кәсіпорында 1500 адам еңбек етеді. Оның 98 проценті - жергілікті тұрғындар. 2 проценті - Қазақстанда тұрып жатқан Ресей азаматтары. Ал қытайлық мамандардың үлесі жарты процентке де жетпейді. 

Сергей Могилатов, «СарыаркаАвтоПром» ЖШС директорының орынбасары: 

Мысалы, жаңа брендті шығаратын кезде Қытайдан 6 инженер 5 техник келеді дейік. Желіні орнатып, шыққан өнімнің техникалық сапасын толық тексерген соң, олар қайтадан еліне кетеді. Мұнан әрі кеңес беру, тексеру жұмыстары ғаламтор арқылы жүргізіледі. Яғни, олар бізге тек іссапармен ғана келеді. Ал кәсіпорын штатында ресми тіркеуде тұрған бірде-бір қытайлық маман жоқ. 

Қостанайдағы зауытта тек қытайлық қана емес, әлемге танымал бірнеше брендтік маркалы автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникалары құрастырылады. Әзірге өнімнің басым бөлігі ішкі нарықта саудаланады, экспорт көлемі төмен. Алайда жұмыс осы қарқынынан таймаса сыртқа шығатын көліктің көлемін көбейтуге де еш кедергі жоқ. 

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу