Күдіктіні қинаған полицейлердің туыстары сот үкіміне наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күдіктіні қинаған полицейлердің туыстары сот үкіміне наразы

10.09.2019

Ақтөбеде қала тұрғынын азаптағандары үшін сотталған полицейлердің 100-ден аса туысы жиналып, сот үкіміне наразылық білдірді. Олар жақындарымыз жазықсыз қамалды дейді. Сондықтан істі қайта қарауды талап етіп отыр. Өткен аптада қалалық сот 4 құқық қорғаушыны «азаптау» бабы бойынша кінәлі деп танып, 4 және 5 жылға бас бостандықтарынан айырған еді. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Сотталған полицейлердің туыстары өткен сенбіден бастап осылай облыстық соттың алдын торауылдап жүр. Олар сот үкіміне наразылықтарын білдірді. «Сұрақтарымызға нақты жауап алмай тарқамаймыз», - дейді олар.

Сотталғандардың бірі – 15 жылдық еңбек өтілі бар полиция майоры Руслан Есанов. 2016 жылы қарулы шабуыл кезінде экстремистерді ұстағаны үшін «Ерлігі үшін» медалін алған. Анасы ұлының жазықсыз сотталғанына сенімді.

Әсия Мырзабекова, Р.Есановтың анасы:

Біз соттың шешімімен келіспейміз. Өйткені біздің балаларымыз кінәсіз сотталып жатыр. Мүмкін біреуге көрсеткіш керек болған шығар. Іс қозғалғаннан кейін балама майор атағын берді. Не үшін?

Есановтан өзге капитан Марат Темірғалиев те 5 жыл арқалаған. Ал Ходжибаев пен Таласбаев 4 жыл бас бостандығынан айырылды. Сот жәбірленушінің пайдасына 500 мың теңге моральдық шығын өндіруді де үкім еткен. Сот материалдарына сүйенсек, полицейлер қала тұрғынына өзі жасамаған қылмысты мойындату үшін қысым көрсеткен.

Анар Айтжанова, облыстық соттың баспасөз хатшысы:

Сотта анықталғандай, полиция қызметкерлері Құлмұхамбетовке жасамаған әрекетін мойындату үшін оның ар-намысы мен қадір-қасиетін физикалық және моральдық азап келтіру арқылы қорлаған. Сот үкімі бойынша Есанов Руслан, Темірғалиев Марат, Таласбаев Асылбек және Ходжибаев Дастан ҚР ҚК 146-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.

Алайда сотталған полицейлердің туыстары бұл шешімге түбегейлі қарсы. Олар облыс прокурорынан араша сұрап, өткен сенбіден бері жүргендерін айтады. Алайда әзірге мардымды жауап ала алмаған.

Дана Мырзахметова, Д.Ходжибаевтың зайыбы:

Дұрыс, әділ шешім қабылдамады.Әділ шешім қалмаса, бәрі жұмысынан кетсін. Ашық сот болсын. Осы кезге дейін біз соттың қалай болғанын білген жоқпыз.

Наразы топпен кездесуге облыс прокурорының орынбасары шықты. Ол жиналғандарға істі бақылауына алатынын айтты.

Ғалымжан Тілеубаев, облыс прокурорының орынбасары:

Сіздер арыздануларыңызға болады. Бізде 15 күн уақыт бар. Одан кейін іс апелляцияға кетсе, прокурордың әрекетіне баға беріледі. Мен материалды жеке қарайтын боламын.

Полицейлердің туыстары енді апелляциялық шағым түсірмек. Содан кейін іс жан-жақты зерттелуі тиіс. Наразы топ «талап-тілектеріміз орындалмайынша, тыным таппаймыз»,-дейді. 

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу