Талдықорғанда алғаш рет Vinefest Zhetisu-2019 фестивалі ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда алғаш рет Vinefest Zhetisu-2019 фестивалі ұйымдастырылды

09.09.2019

Жер жаннаты Жетісудың әсем табиғатын енді вайнерлер насихаттайды. Талдықорғанда алғаш рет Vinefest Zhetisu-2019 фестивалі ұйымдастырылды. Әлеуметтік желіде көрермендері мен жазылуышылары ең көп деген вайнерлер бірнеше күн бойы Алматы облысының көрікті жерлерін аралап, өз парақшаларында насихаттап, өзара бәсекеге түседі. Жалпы вайнерлер деген кім? Және олардың мүмкіндіктері қандай?

Бұл — Жеңіс Омаров деген вайнер. «Жека фатбелли» деген инстаграммдағы парақшасына 1 миллион 900 мың адам жазылған. Жалпы вайн дегеніміз бір минутқа дейінгі түрлі тақырыптарда түсірілген шағын бейнероликтер. Ал ондай роликті түсіріп, желіге жүктеген адамды вайнер деп атайды. Жеңістің бұл жаңа бағытты меңгеріп, дамытып жүргеніне 3 жылдан асты.  

Жеңіс Омаров, вайнер: 

Көп әдемі жерлерде болдым. Жалпы бармаған адамдар міндетті түрде бару керек. Біз соны халыққа жеткізу керекпіз ғой. Мынандай әдемі жер бар. Барыңыздар. Біздің Қазақстанда осындай әдемі жерлер бар. 100 рет Турцияға барғанша, бір рет Шарынға барып көріп қайтыңдар.

Талдықорғанға Жеңіс сынды тағы бес вайнер келді. Әрқайсысының өз аудиториясы бар. Кейбірінің оқырмандары ТМД елдерінен. Рухани жаңғыру жобалық кеңсесі осы азаматтар арқылы Жетісудың тұмса табиғатын 10 миллионнан астам адамға паш етуді көздеп отыр. Вайнерлер алдағы үш күнде Алтынемел, Шарын шатқалдары және Көлсай көлдері ұлттық табиғи парктеріне барып, түрлі вайн түсіріп, өз парақшаларына жүктеп отыруы тиіс.  

Еркебұлан Толымбекұлы, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бөлім басшысы: 

Оларға қойылатын талап бар. Әрбір вайнер күніне 10 инста сторис дейміз, история салу керек өзінің аккаунтына. Және де бәрі ұлттық парктерді аралап болғаннан кейін, бір пост жариялап инстаграмм акаунттарына салу керек.

«Фестиваль жемісті нәтиже берсе, шараны дәстүрлі ету жоспарда бар»,- дейді ұйымдастырушылар.  

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ 


Хабарламаларға жазылу