Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин жаңа ғимаратты көру үшін арнайы ВДНХ аумағына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин жаңа ғимаратты көру үшін арнайы ВДНХ аумағына барды

09.09.2019

Ресей астанасы Мәскеуде Қазақстанның ұлттық павильоны қайта қалпына келтірілді. Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіндегі ұлттық павильонға Елбасы тапсырмасы бойынша 2 жылдан бері реставрация жасалған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин жаңа ғимаратты көру үшін арнайы ВДНХ аумағына барды.

Өткен ғасырдағы халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінен көрініс. Кеңес одағы елдерінің үздік жұмыстары осында жеткізілетін. Даңқты көрмеде еңбектің еленуі — ең жоғары баға болатын. Осындай тарихи орын жоғалудың аз-ақ алдында тұрған еді. 3 жыл бұрын қайта қолға алынып, ғимараттар мен ескерткіштер қалпына келтіре бастады. 

Биыл аты әлемге әйгілі осы халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне 80 жыл толды. Мұнда Қазақстанның да ұлттық павильоны бар. Бірақ ғимарат ұзақ уақыттан бері пайдаланылмай, ескіріп, тозып тұрған. Елбасы тапсырмасымен ұлттық павильонға 2 жылдан бері реставрация жасалды. Қайта қалпына келген тарихи ғимараттың алғашқы қонақтары Елбасы мен Ресей президенті болды.   

Екі ел арасында өзара достық ежелден бар. Сенімге негізделген байналыс бекем. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин «Қазақстан» павильонындағы ортақ жобаларға негізделген көрмені аралады. «Құрметті қонақтар кітабына» естелік жазба қалдырды.  

Жалпы, алып кешен аумағындағы «Қазақстан» павильоны 1937 жылы құрылған. Содан бері атауы бірнеше рет өзгерді, бірақ негізгі миссиясын жоғалтқан емес. Жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде де бастапқы кескін-келбетін бұзып алмау басты шарт болыпты. 

Тагир Фахрисламов, сәулетші:  

Жобалау жұмыстарына кіріспес бұрын біз Қазақстанның астанасына арнайы барып, Ұлттық музейін араладық, мәдениетімен етене таныстық. Сонда көргенімізді осында жүзеге асыруға тырыстық. Әрбір тасы мен түсіне дейін ерекше мән берілді. Нәтижесінде жаңа ғимарат пайда болған жоқ, халық тарихи нысанды қайта көрді.

Жарты ғасыр бұрын алынып тасталған ақын Жамбыл Жабаев пен Социалистік Еңбек Ері Шығанақ Берсиевтің ескерткіштері қайта тұғырына қонды. Қазір павильонның кіреберісінде қонақтарды қос алыптың мүсіні қарсы алып тұр.  

Асима Нұрбайқызы, тілші:  

Қазақтың табиғи, таза өнімдері өткен ғасырда Кеңес Одағының тұсында тап осы жерге жеткізіліп, көпшілікке ұсынылған. Дәстүр қайта жаңғырды. Мұнда ауылшаруашылығы өнімдерінің бәрі бар. Бәрі Қазақстанда жасалған. Әсіресе аңызға айналған Алматы апортын мәскеуліктер үлкен сағынышпен қабылдады.

Елбасы мен Ресей президенті осыдан соң Кремльде кездесіп, екі елдің өзара іс-қимылының негізгі аспектілерін талқылады. Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы өзгелерге үлгі. Нұрсұлтан Назарбаев Ресей көщбасшысын Мәскеу қаласының күнімен құттықтады.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы: 

Мәскеу қаласының күні мерекесіне шақырғаныңыз үшін рахмет. Мәскеу баршамызға өте жақын. Ерте жастан бастап біз осында келдік, оқыдық және жұмыс істедік. Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі қызмет еткен жылдардың бәрінде халықтарымыздың достығын нығайтуға өз үлесін қосқанын атап өткен жөн. Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу қарсаңында осы сұрапыл соғыстағы жеңіске адамдардың бірлігінің арқасында қол жеткенін атап өткім келеді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:  

Сіз Ресей-Қазақстан қатынастарын орнатушысыз. Бұл байланыстар гуманитарлық, әскери салаларда, әскери техникалық ынтымақтастықта одақтастықтың бұрын-соңды болмаған ең жоғары деңгейіне жетті, біз толағай табысқа қол жеткізе алмайтын қызмет саласы жоқ. Біз Сізді көруге әрқашан қуаныштымыз және біздің жеке байланыстарымыздың жалғасып жатқанына қуаныштымын.

Жалпы екі ел арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс тұрақты. Былтыр сауда айналымы 18 миллиард долларға жуықтаған. Стратегиялық серіктес елдер экономикалық, сауда-саттық, мәдени байланыстарды алдағы уақытта да арттыра бермек. Оған қос тарап та мүдделі.  

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ 


Хабарламаларға жазылу