Елімізде Абылай ханның 54 метрлік тұғыр-ескерткішін орнату туралы бастама көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде Абылай ханның 54 метрлік тұғыр-ескерткішін орнату туралы бастама көтерілді

06.09.2019

Биіктігін 54 метр етіп Абылай ханның еңселі ескерткішін тұрғызу бастамасы көтерілді. Әлеуметтік желіге эскиздік жобасын жариялап, қоғамнан алып-қосар ойын сұраған «Қазақстан Барысы» даму қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораев. Ол монументтің асты музей болғанын құп көруде. Дегенмен сол сала білгірлерінің пікірін де екшеу маңызды екенін жеткізді.

Арман Шораевтың эскиздік жобасына сай тұлға тұрпаты – 54 метр. Бұл биіктігі 20 қабатты үймен шамалас. Тақта отырған ханның қолындағы аса таяқ – лифт қызметін атқарады. Онымен адамдар арнайы алаңға көтеріліп, төңіректі түгел көре алады. Ал монументтің астындағы ғимарат музей және қосымша бөлмелерден тұрады.

Арман Шораев, «Қазақстан Барысы» даму қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы: 

Туристерді қызықтыратын, өзіміздің жергілікті азаматтарды қызықтыратын, сондай көне, сондай сәулет болмаған соң мен ойлаймын қолымыздан жасауымыз керек. Одан ұялмауымыз керек. Бізден де тағзым болар еді. Сол кісінің құрметіне үлкен бір монумент жасасақ.

Ал жоғарыдағы нұсқа әлі қабылданбаған, әзірге идея. Сосын ескерткішті қай жерге тұрғызу жайы да әлі белгісіз. Осы себепті Арман Шораев мүсінші, сәулетші және тарихшылар арасында байқау жариялайтынын айтты. Іріктеу жыл аяғына дейін жүргізілмек. Монументті салуға 10 миллион доллардай жұмсалады деп болжанып отыр.   

Арман Шораев, «Қазақстан Барысы» даму қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы: 

Тағы бір идеям, мен үкіметтен бір тиын ақша сұрағым келмейді. Бюджеттен ақша алғым да келмейді. Бұл ақшаны мен ойлаймын «краудфандинг» дейді ғой, солай бүкіл ел болып қосылып тиын-тебенмен ол жеке азаматтар, бизнесмендер, жеке компаниялар болсын соны жинақтауға қол жеткізе аламыз деп ойлаймын.

Абылай ханның алып тұлғасы ашық алаңда қасқайып тұрса халық рухтанып қайрат алады. Тараздық мүсінші Темірхан Көлжігіт осындай пікірде. Батыр Бауыржан Момышұлы мен қобызшы Ықылас Дүкенұлының тұлғасын тасқа қашаған шебер ескерткіш қандай материалмен салынғаны дұрыс деген ойымен бөлісті.     

Темірхан Көлжігіт, мүсінші:  

Ақ цементке мрамор крошканы араластырып құйған кезде бетон бұл өте арзанға түседі. Бірақ өмір бойы аппақ болып тұрады. Волгоградтағы 84 метр биіктіктегі «Мать Родина» дегені сол бетоннан құйылған. Бұл бетон материал әлі күнге дейін тұр. Қазақтың символы ғой Абылай хан деген. Бұл барлық қазақты көрсетіп тұратын нәрсе. Мен мұны қолдаймын.

«Себебі Ұлы далада өткен асқақ билеушілердің бірегейі бөлінген руларды біріктіріп берік келісімге келтірді. Бабаларымыз жоңғарларды ойсыратқан Абылай ханның арқасында шекараларымызды шегендеді. Демек ерлігі мен еңбегі үшін еңселі ескерткіш орнату орынды»,-дейді Арман Шораев.   

Нысаналы ЫҒЫЛ


Хабарламаларға жазылу