Алматы қаласындағы «Барахолка» базары өртенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласындағы «Барахолка» базары өртенді

06.09.2019

Алматыда қойма өртенді. Солтүстік айналма жолының бойындағы ел аузында «Барахолка» аталып кеткен базар маңында орналасқан бір қабатты қоймада металл-пластик заттар сақталған. Алапат өрттің ауқымдылығы соншалықты, будақтаған түтін қаланың барлық ауданынан көрінді. Қазір от түгел өшірілді. Абырой болғанда, адам өлімі мен зардап шеккендер жоқ.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші: 

Өрт шыққаны туралы хабарлама Төтенше жағдайлар департаментіне 13:30-дар шамасында түскен. Өрт сөндірушілер мұнда бес минутта жеткен. Қазір қызыл жалынды сөндіру үшін 60-тан астам адам мен 20-ға жуық техника жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар полицейлер де жұмылдырылған. Мамандардың сөзінше, бұл қоймада құрылыс материалдары, темір бұйымдар, резеңкелер, яғни тез жанатын заттар сақталған. Сондықтан қойма маңындағы нысандарға қауіп төнуі мүмкін.

Қойманың қабырғасы кірпіштен қаланған. Ал шатыры — темір. Сондықтан өрт маңайдағы қоймаларға жетпеген. Бастысы, саудагерлер тез арада заттарын шығарып үлгерген. 

— Біз келген кезде өрт өте қатты лаулап жанып жатты. Біздің қоймаға аса зияны келмеген. Басқа жанымыздағы адамдарға көмектесіп, қол ұшымызды бердік. 

— Өте қатты қорқып кеттік. Өйткені, біраз ғана зат емес, тауарларымыз өртеніп жатыр екен. Соны өзіміз арпалысып шығарып, әрең дегенде шығарып болдық.

— Мынадай болса, қайтадан орналасу қиын ғой енді. Қайда апаратынымызды білмей тұрмыз ғой қазір.

Өртті сөндіру үшін төтеншеліктерден бөлек, 2 тікұшақ пен 15 су тасымалдайтын көлік, Ішкі істер департаментінің 16 арнайы техникасы жұмылдырылды. Ал полицейлер қауіпсіздік үшін аймақты қоршауға алып, қоймадағы заттарды қызыл жалыннан сақтауға көмектесті. 

Серік Әубәкіров, Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы: 

Өртенген аумақ 2200 шаршы метрге жетті. Сондықтан оны сөндіру үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланудамыз. Айта кетейік, ауданда су алуға мүмкіндік аз болғандықтан «Алматы Тазалық» мекемесінің техникалары да көмекке тартылды.

Мамандар өрт болған жердің аумағын 16:10-да оқшаулап, 18:12-де отты толық өшірді. Ал әзірге қызыл жалынның неден шыққандығы белгісіз. Мамандар оны анықтап жатыр. Төтеншеліктердің сөзінше, бұл қойманың базарға қатысы жоқ. Тек оған жапсарлас орналасқандығын айтты.  

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу