Президенттің қатысуымен Ұлттық кеңестің отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің қатысуымен Ұлттық кеңестің отырысы өтті

06.09.2019

«Қазақстан Президенттік басқару формасындағы мемлекет ретінде қалуы керектігіне сенімдімін. Алайда Парламент саяси жүйедегі лайықты орнын алуы қажет». Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысына қатысқан Президент осындай пікірін жеткізді. Мемлекет басшысының ұсынысымен құрылған ұйымның бұл жиынын бірі күдіктеніп, бірі үміттеніп күткені рас. Сонымен, қоғам мен билік арасында диалог орнатып, түйткілдерді шешудің жолын табуды көздеген кеңес діттегініне жете алып жатыр ма?

Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт. Инаугарация кезінде айтқан ұстанымын Президент Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында да қайталады. Қасым-Жомарт Тоқаев бірден сөзден іске көшу керектігіне тоқталды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халық бізден нақты ұсыныстар мен нәтиже күтіп отыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осы міндетті ойдағыдай жүзеге асыратын бірегей құрылымға айналады деп сенемін. Біз халықтың сенімін ақтауымыз керек. Әрбір азаматтың мүддесі біз үшін өте маңызды. Отандастарымыз ел болашағына бей-жай қарамайтын болды, ашық түрде өз пікірлерін айта бастады.

Ашықтық. Отырыс барысында Президенттің де, кеңес мүшелерінің де басты ұстанымы осы болды. Дөңгелек үстел басына жиналған әртүрлі әлеуметтік топтың өкілдері – түрлі саланың мамандары. Азаматтық ұстанымдары мен көзқарастары да әртүрлі. Дегенмен оларды біріктіретін бір нәрсе бар, ол – ұлт мүддесі.

Айдос Сарым, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

Үміт күтіп те, жұмысымызға күдікпен қарап отырған адамдар көп екенін білеміз. Үміт пен күдіктің арасын жалғау, көпшіліктің көңілінен шығу. Алаң да алаң жұрттың ойлағанын дөп басып, өгізді де өлтиірмей, арбаны да сындырмай, «алтын ортаны» табу – ел мұратын ойлаған барша азаматтың борышы деп санаймыз.

«Үміт пен күдік» демекші, соңғы кездері дүйім жұртты дүдәмал күйге түсірген жер мәселесі де сөз болды. Мемлекет басшысы инвестиция тарту әлем елдерінің барлығына тән екенін, алайда қаржы тек қажетті салаларға құйылатынын қадап айтты.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі, мыңдаған шетелдік жұмыскерлер тартылады екен деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Тағы да шегелеп айтамын: жерімізді ешкімге бермейміз, халқымыздың мұң-мұқтажын әрқашанда ескереміз.

Алғашқы отырыс болғанымен, ортаға салынған мәселелер осал емес. Бұған дейін кездесіп, кеңесіп алған белсенділер маңызды жиында тек қана басты ұсыныстары мен ұстанымдарын жеткізді. Айта кетейік, кеңес мүшелері үш топқа бөлініп жұмыс істейді. Әлеуметтік, саяси, экономикалық бағыттарды таңдаған әр жұмыс тобының тоқ етерін екі адам жеткізіп отырды. 

Саясат Нұрбек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

Кеңес ішінде топаралық бәсеке пайда болды. Бізге де айтып жатыр, «сіздер баяу жүріп жатырсыздар» деп. Сірә, біздің адами капитал бағыты баяулау болуы мүмкін. Бұл – өте күрделі түсінік. Оның ішіне тек қана білім саласы, тек қана денсаулық емес, бірнеше сала кіреді. Денсаулық сақтау, еңбек нарығы, білім беру. Бірақ адами капитал экономиканың дамуына да, әлеуметтік, саяси, кез-келген тіклей әсер етеді.

Сондықтан әлеуметтік мәселелермен айналысатын топ білім сапасы мен еңбекпен қамтуға баса мән беріп отыр. Елімізде жоғары білімді тек диплом үшін алу бұқаралық сипатқа ие. Сондықтан диплом иелерінің жартысына жуығы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. «Еңбек кедейлігі» деген түсінік те белең алып барады. Дәрігер мен көлік жүргізушісінің айлықтары теңесіп қалды. Бұл маңызды мамандықтардың құнын түсіріп, сұраныстың болмауына алып келді.

Экономика үшін жауапты топ бизнесті тежеп тұрған кедергілерді атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтуға баса мән берді. Ал саясаттың жілігін шағатындар 5 заңға өзгеріс енгізіп, реформа жасауды ұсынып отыр. Олардың ішінде митингілер, саяси партиялар, БАҚ туралы заңдар мен Сайлау туралы кодекс бар. Президент саяси реформа жасайтын уақыт келгенін мойындап отыр. Дегенмен, шетін мәселені «жеті рет пішіп», кешенді түрде шешу керек екенін жеткізді. Мұны кеңес мүшелері де қолдап отыр. 

Талғат Қалиев, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі: 

Тек қана 5 заңмен шектелмейміз. Бір заңды өзгерткенде бірталай кетеді. Жақсылап зерттеп, 3 ай ішінде жұмыс жасап, нақты ұсыныстарымызды келесіде жиналамыз деп отырмыз.

Жиында адам құқығына қатысты түйткілдер де сөз болды. Заңгер Айман Омарова беделі тапталған журналистер мен зорланған балалардың оқиғаларын айтып, президенттен сот жүйесін назардан тыс қалдырмауды өтінді. Режиссер Ермек Тұрсынов ірі мәдени шаралардың бас қала мен Алматыда ғана өтіп, шағын шаһарлар мен шалғайдағы ауылдар рухани азықсыз қалатынына қынжылды. Жалпы, Ұлттық кеңестің әр мүшесі өз саласының проблемаларын айтып қалуға тырысты. Қоғамда қордаланып қалған мәселелерге құлақ асып, қорытқан Президент ұсыныстардың барлығы бір құжатқа жиналатынын жеткізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Бұл ұсыныстарды жалпы мен қолдаймын. Келешекте амандық болса бәріміз бір ұжым болып іске асырамыз деп ойлаймын. Біздің ең құнды мақсат-міндет, ұғым – бұл еліміз, мемлекеттілік. Бәріміз Отанымызды сүйеміз. Бірақ жай ұрандар тастамай, нақты қадамдарымызды жасауымыз керек. Әрбір салада жеке жоспар дайындауымыз керек.

Альбина Әшім, тілші: 

Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы бастаған кеңес келелі мәселелерді тек халықпен келісіп шешуді көздеп отыр. Маусымда Президент лауазымына ресми кіріскеннен бері Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларынан бірізділікті байқауға болады. Жақында ғана Жолдауда айтқан ұсыныстарын ол Ұлттық Кеңес аясында да дамытып, жүзеге асыруға болатынын жеткізді. Сондай-ақ Президент кеңес мүшелерінің барлық мекемеде «Ашық әкімдік» жүйесін қолдану туралы ұсынысын құптады. Осылайша, билік пен елді байланыстыратын көпір болуды көздеген Кеңес бұл мақсаттағы алғашқы қадамын сәтті жасаған сыңайлы.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу