Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Қытайдың Қазақстандағы инвестициялық жобаларына қатысты жан-жақты түсініктеме берді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың бірлескен 55 жобасы қарастырылған. Осы уақытқа дейін оның 15-і іске қосылған. Ол жобаларға 4 мыңға жуық адам жұмысқа тартылған және қызметкерлердің 95 пайызы Қазақстан азаматтары екенін атап өтті. Жалпы 55 инвестициялық жоба бойынша 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Ең бастысы, олардың барлығында біздің елдің тұрғындары еңбек ететінін ескертті. Сонымен қатар Қытайдың «ескі-құсқы» жобалары еш уақытта Қазақстан аумағына кіргізілмейтінін ашып айтты. Экономикалық әрі экологиялық талаптарға сай үздік жобалар ғана мақұлданатынын мәлімдеді. Ал «инвестициялық жобалар бойынша Қытаймен арада құпия келісім жасалған»,- деген қауесетке былай деп жауап берді...
Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Ол жалған мәлімет, рас емес. Ондай құпия келісім жоқ. 2015 жылы екі Үкіметтің арасында келісімге қол қойылған. Бірақ келісім Әділет порталында ашық түрде бар. Порталға кіріңіз, оқыңыз, ешқандай құпия жоқ. Негізінен шикізат емес, өндіріс бағытта
Қытаймен арадағы инвестициялық жобалар негізінен ауыл шаруашылығы, металлургия, химия, мұнай-газ, көлік және логистика салаларын қамтиды. Айта кетейік, тәуелсіздік алғалы бері ел экономикасына 330 миллиард доллар көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылған. Соның 50 пайызға жуығы Еуро Одақ елдерінің үлесінде. Ал, 15 пайызы — АҚШ, қалғаны көршілес мемлекеттерден келген. Қытайдың Қазақстанға құйған инвестициялық үлесі — 5,6 пайыз.
Ерлан Мәдиев, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы:
Қазіргі таңда Қытай - еліміздің үшінші ірі сауда-саттық серіктесі. Қытай - экономика әлеуеті бойынша әлемнің ең ірі елдерінің бірі. Дәл қасымызда болғандықтан, оның әлеуетін қолданбау, менің ойымша, қателік. Бұл жерде ешқандай саяси астар жоқ. Бұл жерде 2 елдің ынтымақтастығына арқау болып отырған тек қана экономикалық факторлар.
Ербол МӘНДІБЕК