Атыраудағы Таскран мұнарасының құпиясы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы Таскран мұнарасының құпиясы

10.09.2019

Атырау облысына қарасты Исатай ауданында өткеннен жеткен тарихтың айқын көрінісі бар. XIX ғасырда тұрғызылған шекаралық белгі бүгінге дейін сол қалпында сақталған. Әрлі-берлі қатынайтын жолаушыларға менмұндалайтын мұнара өз заманында халық игілігіне жарапты. Толығырақ меншікті тілшіміз Жандос Темірғали тарқатсын.

Таскранның 150 жылға жуық тарихы бар. Оны тұрғызу үшін 10 мың бау қамыс пен 10 мың дана шикі кірпіш жұмсалыпты. Құрылысы атақты Мақаш әкімнің мұрындық болуымен басталған. Ашық аспан астында қасқайып тұрғанған белгі жергілікті жердің өткенінен сыр шетіп тұр.

Жұмажан Қадимов, Исатай ауданының құрметті азаматы:

Осы жердің өзі Еділ мен Жайықтың ортасы. Борақ Мамай мен оның ұрпақтары Қарасай Қазидың билігінде болған жерлер. Тап мына Боқсақтың бойы Жаңбыршыұлы Телағыс деген батырдың мекендеген жері.

Мұнара белгі кезіндегі Орал өңірі Астрахань губерниясына берілгенде, екі аралықтың шекарасын тең бөлу мақсатында салынған. Биік төбеге тұрғызылғандықтан, теңіздегі балықшыларға маяк та болыпты. 

Жандос Темірғали, тілші:

Ғасырлардың куәсі болған Таскран тоғыз жолдың торабында әлі сол қалпы қасқайып тұр. Пирамидаға ұқсас 10 метрлік мұнара қамыс пен саманнан салынған. Мұндағы саз балшықтың құрамында жылқының қылы бар. Беріктігінің құпиясы да осында.

Қожантай Сыдықов, Аққыстау ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Ұзақ тұру үшін астына қазып қалың қамыс төсеген екен. Теңіз қамысы бойына суды сорады да, ары қарай бермейді екен. 

Таскран - тарихтың айқын көрінісі. Оны сақтап қалу - абыройлы іс. Сол себепті ескерткіш мемлекет қорғауына алынған.   

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу