Әлемде ауыз су проблемасы жылдан-жылға артып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде ауыз су проблемасы жылдан-жылға артып барады

04.09.2019

БҰҰ мәліметінше, бүгінде жаһан жұртының 70 пайызы суға зәру. 2,5 миллиард адам таза ауыз суға жарымай отыр. Салдарынан ішек ауруларынан көз жұматындардың саны артқан. Стокгольмдегі халықаралық су апталығында әлемнің 145 елінің өкілдері су ресурстарын тиімді пайдаланудың жолдарын талқылады. Басқосуға көппен бірге Орталық Азия елдері мен Ауғанстан да қатысып, аймақтағы трансшекаралық су бассейндерін бірлесіп пайдаланудағы көкейкесті мәселелерді ортаға салды.

Стокгольмдегі халықаралық су апталығы ұйымдастырылған 25 жыл ішінде Орталық Азия елдері шарадан тыс қалған емес. Бұл әлемдік тәжірибені игеріп, аймақтағы проблеманы талқылаудың таптырмас алаңы. Орталық Азияның бес елі тіршілік нәрін Сырдария мен Әмудария өзендерінен алып отыр. Судың жоғарғы сағасындағы Қырғызстан мен Тәжікстан өзендерді басы бүтін өз меншігі көрмей, қазақ, өзбек, түркмен көршілерімен тең бөлісуге құқылы. Бұл өзара әріптестік арқасында қол жеткізетін дүние.  

Мұхтар Жәкенов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің трансшекаралық өзендер департаменті директорының орынбасары: 

Қазақстан Сырдария, Іле, Орал жалпы өзендердің ең төменгі сағасында отырғандықтан көршілерге тәуелдіміз. Сондықтан біз үшін су ресурстарының әділ пайдаланылғаны маңызды. Суды тазартып, сапасын жақсарту үшін жаңа технологияны пайдаланып, инфрақұрылымды дамытуымыз керек.

Айымдос Бозжігітов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі: 

Орталық Азия елдерінде трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану тетіктері бар. Бірақ бізге Еуропаның тәжірибесін игеру маңызды. Мұнда Дунай өзенін бірнеше мемлекет бірлесе пайдаланып отыр. Аймақ елдерінде өзара сенімді күшейту үшін су комиссияларының тиімділігін арттыру керек.

Қазақстан тұтынатын судың 50 пайызын трансшекаралық өзендерден алады. Сондықтан біздің ел бұл проблеманың халықаралық талаптарға сәйкес, ортақ мүдде ретінде шешілуін қалайды. Аймақтық серіктестікті нығайту үшін екі жыл бұрын ашылған Нұр-Сұлтандағы халықаралық суды бағалау орталығынан шетелдік сарапшылар да көп үміт күтеді.  

Керри Шнейдер, Стокгольм халықаралық су институтының менеджері: 

Біз Қазақстанмен бар тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Қазақстанның Кіші Аралды сақтап қалуға талпынысы бәріміз үшін үлгі. Суды тиімсіз пайдаланудың кесірі қандай қасіретке әкеп соғатынын Қазақ елі жаһанға жария етті. Сондықтан су проблемасын шешуге халықаралық қауымдастық күш жұмылдыруы керек.

Аймақтағы түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін Қазақстан су ресурстарын пайдалану және реттеудің әмбебап тетігін жасауды және халықаралық су-энергетикалық консорциум құруды ұсынады. Бес елдің өкілдері осы және өзге де ұсыныстарды енді алдағы аптада Алматыда өтетін басқосуда жіті талқыламақ.  

Нұрсұлу ҚАСЫМ 


Хабарламаларға жазылу