Төтенше жағдай комитетінің мамандары жер үйлерді аралап шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төтенше жағдай комитетінің мамандары жер үйлерді аралап шықты

04.09.2019

Нұр-Сұлтан қаласында жыл басынан бері 377 өрт болған. Оның басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында тіркелді. 12 адам қаза тапқан. Оның бесеуі - бала. Оқыс оқиғаның алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі айлығы аясында Төтенше жағдайлар департаменті арнайы рейд ұйымдастырды. Оған біздің түсірілім тобы да қатысты.

Құтқарушылар осылай жеке тұрғын үй секторын аралады, ескертпе қағаздарын таратты. Рұқсат еткендердің үйіне кіріп, пеш жаққанда өрт қауіпсіздігінің сақталуын тексерді. Яғни пештің құдығы мен құбырының бүтіндігі, жанғыш заттардың бөлек орналасуы назарға алынды. 

Рейд барысында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлеріне құтқарушылар арнайы құрылғы орнатты. Ол ауа құрамын зерттеп, улы газдар мен түтіннің мөлшері көп екені анықталса сигнал береді. Бұл өрттің алдын алуға септігін тигізеді. 

Арсылдаған иттер бірқатар үйге маңайлатпады. Ал енді біреулері мүлде есіктерін ашпады. Жалпы аралау кезінде анықталған кемшіліктер бойынша үй иелеріне тек ауызша ескерту ғана беріледі. Оларды жауапқа тарту заңда қарастырылмаған.  

Орал Әбдірахманов, Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басқармасының бастығы: 

Ұсыныс ретінде ғана беріледі. Жауапкершілікке біз акция өткен кезде жауапкершілікке үйдің иелері тартылмайды. Егер өрт анықталған болғаннан кейін қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жеке тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Жылыту маусымы басталғанға дейін мұндай рейдтер жиі өткізіліп тұрады. «Әр тұрғын өзінің және отбасының өміріне жауапкершілікпен қарағаны абзал»,- дейді құтқарушылар. 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу