Калифорнияда қайық өртеніп, 25 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Калифорнияда қайық өртеніп, 25 адам қаза тапты

03.09.2019

АҚШ-тың Калифорния штатының жағалауында қайық өртінен кемінде 25 адам қаза тапты. Тағы 9-ы жоғалғандар санатында. Қазір жағалау күзеті оларды іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Өрт жергілікті уақытпен түнгі 3-тер шамасында басталған. Әзірге оның себептері белгісіз. Бортта болған 39 адамның бесеуі ғана аман қалған. Апат кезінде олар үстіңгі палубада болғандықтан, суға секіріп, жақын маңдағы катермен құтқарылды. Қалған жолаушылар қайық ішіндегі бөлмелерде ұйықтап жатса керек. Сондықтан, сыртқа шығып үлгермеген.

Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілерге тілсіз жаумен күресу оңайға соқпады. Қайықта болған көп мөлшердегі жанғыш зат пен тұман жағдайды біршама қиындатқан. Дегенмен, өрт сөндірілген соң, су көлігі батып кетті. Қазір мамандар оны жағаға шығарудың жолдарын қарастырып жатыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу