Жолдауда шағын және орта бизнесті дамыту үшін нақты қадамдар жасалатыны айтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолдауда шағын және орта бизнесті дамыту үшін нақты қадамдар жасалатыны айтылды

02.09.2019
Жұмыс берушінің жұмысшыға қосымша 5 пайыз зейнетақы аудару міндеттемесі 2023 жылға дейін шегерілді. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауы кезінде Үкіметке осындай тапсырма берді. Сонымен қатар ұсақ және шағын бизнес субьектілерін табысқа салынатын салықтан 3 жылға босату қажеттігін мәлімдеді. Бұл бастама 2020 жылдың қаңтар айынан бастап заңды күшіне енеді. 

Ербол Мәндібек, тілші:

Азғантай ақшамен бизнес бастап күнелтіп жатқан мыңдаған азаматтар мойынынан жүк түскендей әсер алуда. «Тиыннан теңге құрап отырған микробизнес субьектілерін табыс салығынан босату, экономикаға екпін береді, екінші тынысын ашады»,- деді экономистер. Ең бастысы бұл жаңалықты бизнеске белсенді кіріскен қауым зор қуанышпен қабылдауда.

Вахит Абдуллаев Шымкенттен елордаға келіп шағын сауда нүктесін ашқан. Көкөніс, жеміс-жидек сатады. Кәсіпкер ретінде тіркелген. Бүгінгі жаңалықты естіп қуанғаны соншалық, сұхбатқа сөзсіз келісті.

Вахит Абдуллаев, шағын кәсіпкер:

Президенттің айтқанын естіп, біз қатты қуандық. Бұл бізге жүдә үлкен көмек. Бүкіл халық қуанып жатыр...

Вахит секілді шағын бизнес өкілдерін қолдау үшін алдағы үш жылда қосымша 250 миллиард теңге бөлінеді. Негізінен ауыл-аймақтағы отбасылық бизнесті қолдауға айрықша мән берілмек. Осы ретте, Мемлекет басшысы қаражаттың әділ бөлуін қатаң ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр. Шын мәнісінде, жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып жұмыс орындары ашылуы керек еді. Бұл қарапайым заттардың экономикасына тікелей байланысты. Бірақ жергілікті әкімдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған. Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерін арттырып, жеріглікті бюджетті нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ.

Өз кезегінде Президент Есеп комитеті мен Қаржы министрлігіне бизнесті қолдауға бөлінетін қаражатты қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Ербол Мәндібек, тілші:

Билік бизнестің үдесінен шығу үшін барлық жағдайды жасауға тырысып бағуда. Яғни әкімшілік кедергілерді жойып, тексерістерді тыйып, салығын жеңілдетті. Аяғын алшаң бассын деген үмітпен ұсақ кәсіпкерлікті табыс салығынан босатты. Ал мұның нәтижесі қандай болады? Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Қазақстан алдағы 5-6 жылда ішкі жалпы өнімді 5 пайыздан асырады. Бұл экономика үшін еселі көрсеткіш деуде сарапшылар.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу