Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға тұңғыш жолдауын арнады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға тұңғыш жолдауын арнады

02.09.2019
Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет ел халқына жолдауын жариялады. Тоқаев қазіргі таңда қоғамда өзекті болып тұрған мәселелерді қозғап, оларды шешуді жауапты мекемелерге жүктеді. Негізінен экономикалық жағдайды жақсарту, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты бастамаларға басымдық берді. Мәселен, көпшілікті алаңдатқан қосымша 5 пайыздық зейнетақы жарнасы 4 жылға шегерілді. Шағын бизнеске 3 жылға салықтық жеңілдік берілді. Ал әкімдердің жұмысына жергілікті жұртшылық бағасын беретін болады, егер халықтың 30 пайызының көңілі толмаса, шенділер орнын босатуы мүмкін. 

Халықты мазалайтын мәселелер көшеде емес, Парламентте талқылануы тиіс. Шешімін де осы арадан тапқаны абзал. «Өйткені қарапайым халыққа қарағанда депутаттың үні Үкіметке тезірек жетеді»,- дейді Президент. Содан да болар, алғашқы Жолдауын Парламентке келіп өткізді. Конституцияға сәйкес, біздің азаматтарымыз кез келген жағдайға өз пікірін ашық білдіруі тиіс. Президент бейбіт акцияларға заң бойынша рұқсат берілуі керектігін айтты. Бірақ бұл өре түрегеліп ереуілге шығу деген сөз емес. Митингтің де өз мәдениеті бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Ресупбликасының Президенті:

Егер бейбіт акциялар заңды және халықтың тыныштығын бұзуды көздемесе, онда заң бойынша рұқсат беріп, жағдай жасауымыз қажет. Ол үшін арнайы орындар беру керек. Бірақ қаланың шетінен емес. Ал Конституцияға қарсы үндеулер мен бұзақылық әрекеттердің жолы кесіледі. Қауіпсіздік саласында бізде басы ашылмаған біраз дүние бар.

Арыстағы жағдай қарулы күштердің қордаланып қалған мәселесін көрсетіп берді. Ішкі істер саласында да Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта қарау күн тәртібінде тұр. Президент саланы реформалауға 173 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Және бірқатар ауыр қылмыс түріне жазаны қатаңдатуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Ресупбликасының Президенті:

Біз заңды ізгілендірумен айналысамыз деп жүріп, адам құқығының негізін қалайтын кейбір мәселелерді назардан тыс қалдырып алдық. «Жедел
түрде жыныстық зорлық-зомбылыққа, педофилияға, есірткі таратуға, адам саудалауға, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, тұлғаға, әсіресе балаларға қарсы жасалатын өзге де ауыр қылмыстарға жазаны қатаңдату қажет .

Мемлекет халықты әлеуметтік қолдауға арналған қаражатты 2017 жылдан бері 17 есеге арттырыпты. Бірақ ел ішінде «ебін тауып ала берсем, жей берсем» деген жатыпішерлік түсініктен арылмағандар әлі бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Ресупбликасының Президенті:

Мемлекет мұқтаж жандарды қолдауды жалғастыруда. Бірақ соңғы уақытта қабылданған шаралар тиімді болды дей алмаймын. Соңғы 5 жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 70 мыңнан жарты миллион адамға дейін көбейді. Әлеуметтік қолдауға бағытталған бюджет қаражатының көлемі 2017 жылдан бері 17 есе өсті. Яғни, жұмыс істегісі келмейтін адамдардың саны артып барады деген сөз. Ең сорақысы, олар әлеуметтік көмек алу үшін өз табысын жасырады. Тіпті ауқатты адамдардың да атаулы әлеуметтік көмек алып келгенін естіп отырмыз.

Мұны мемлекетке масыл болу деуден басқа амал жоқ. Одан құтылудың басты амалы шағын және орта бизнесті дамыту. Мемлекет оған да жағдай жасамақшы. Ұлттық қордан бұл мақсатқа 100 миллиард теңгедей қаржы бөлінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Ресупбликасының Президенті:

Бірақ сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр. Жергілікті әкімдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған. Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерін арттырып, жергілікті бюджетті нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ. Осыған орай, Есеп комитетіне және Қаржы Министрлігіне қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

Есеп комитетіне жүктелген тағы бір міндет, алдағы үш айда елдегі мемлекеттік компаниялардың жұмыс тиімділігі жан-жақты зерттеледі. Қажет деп табылса, қысқартылады. Өйткені квазимемлекеттік компаниялар көбіне бір алаңда өзара бәсекеге түсіп жатады. Мысалы, тұрғын үй саясаты саласында жеті бірдей мемлекеттік оператор жұмыс істейді екен. Сондай-ақ, Үкімет тариф пен бағаны реттеу мәселесін де мықтап қолға алуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Ресупбликасының Президенті:

Біздің елде киім-кешектен бастап азық-түлікке дейін баға қымбат екені құпия емес. Мәселен, неліктен негізгі авиатасымалдаушының авиабилеттері еуропалық бағаға қарағанда 30 пайызға дейін қымбат? Біздің әуежайлардың қызмет бағалары неліктен жоғары? Неге шетелдік әуе тасымалдаушылары үшін авиаотын отандық тасымалдаушыларға қарағанда қымбатқа сатылады? Осының салдарынан қазақстандық авиация саласы өзінің халықаралық бәсекеге қабілетін жоғалтып, елдің транзиттік әлеуеті азайып барады. Жауапты министрліктің жұмысының әлсіздігінен темір жол, жолаушылар тасымалы билеттерінің жетіспеушілігі қолдан жасалып отыр.

Ал зейнетақы қорындағы қаржыға қатысты Президент халыққа жағымды жаңалықтың ұшын шығарды. Бүгінде қорда қазақстандықтардың 10 триллионнан астам қаржысы бар. Оны тек зейнетке шыққан кезде ғана алуға рұқсат. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тәртіпке өзгеріс енгізілуі мүмкін екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Ресупбликасының Президенті:

Адамдардың бұл қаржыны зейнетке шыққанға дейін қолдансам деген ниетін түсінуге болады. Сондықтан, Үкіметке жыл соңына дейін жұмыстағы азаматтардың зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мысалы, баспана сатып алу үшін немесе білім алу үшін неге пайдаланбасқа...

Десе де Реформаны тек реформа үшін жүргізбеу керек. Әрбір министрде және әкімде нәтижелі жұмысын дәлелдейдін көрсеткіші болуы тиіс. Әйтпесе, жұмысымен қош айтыса беруіне болады. Ал Президент уәденің адамы екендігін айтты.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу