Металлургия саласында еңбек өтілі 500 жылды құрайтын Салқауовтар әулеті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Металлургия саласында еңбек өтілі 500 жылды құрайтын Салқауовтар әулеті

02.09.2019

Металлургия саласындағы жалпы еңбек өтілі 500 жылдан асып кеткен әулет бар. Мәртебелі мамандыққа адал отбасы Қарағанды облысының Жезқазған қаласында тұрады. Ата жолын қуған балалар отбасылық дәстүрді әдемі сабақтастықпен жалғастырып келеді. Жұрт сыйлап, сырттай сүйсінген үбірлі-шүбірлі әулет жақында республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына жолдама алды. Металлургтер шаңырағында тілшіміз Руслан Нұрланұлы болып қайтты. 

Тағанбай ақсақалдың әке-шешесі осы Ұлытау өлкесіндегі Байқоңыр ауылында мыс кенішінде жұмыс істеген. Ал соғыс басталған тұста Байділдә әкесі майданға алынып, кейін хабар-ошарсыз кеткені жөнінде хат алыпты. Осылайша отбасының ауыртпашылығы анасының мойынында қалады. Өзі де ауылдағы ауыр еңбекке ерте араласыпты. Кейін Қарсақбайға қоныс аударып, 1955 жылы осындағы мыс балқыту зауытына жұмысқа тұрған. Жасы он сегізге толмаған балаң жігіт еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында бастапқыда өзіне сенімсіздікпен қараған басшылардың көңілінен шыққан. 

Тағанбай Салқауов, ардагер металлург:

Металлургиялық цехтың шикізат дайындатын жері екен. Нағыз тозақ десе де болады. Шаң да сонда, мына шамдар көрінбейді шаңнан. 

Мамандыққа деген адалдық пен еңбекқорлығы Тағанбай ақсақалды осы күнгі биігіне жеткізді. Металлугтердің құрмет тақтасынан түспеді, түрлі одрен-медальдарды иемденді. Десе де атақ пен даңқ қумады. Балаларынан да осыны талап етті. Бүгінде өзінің жолын ұлдары мен келіні жалғастырып жүр. Мәселен, ұлдарының бірі Төлегенді 1988 жылы өзі комбинатқа алып келген. Содан бері әке аманатына, металлугтер әулеті деген мәртебелі атқа нұқсан келтірмей, мыс концентратын түйіршіктеу цехында табысты еңбек етіп жүр.

Төлеген Салқауов, металлург:

Осы уақытқа дейін ауырын да, жеңілін де көріп, шыдап істеп келе жатырмыз. Ұжымымыз жақсы. Бір-бірімізді демалыстарда көрмей қалсақ, кездескенде қуанаыз. Ойнап-күліп, қалжыңдасып жатамыз. Ұжымның өзі бір отбасы ғой.

Тағанбай ақсақалдың өмірлік жары Нұрила әжейдің әке-шешесі және өзі де өмір бойы өндірісте еңбек етті. Мыс шикізатын дайындау цехында ауыр жұмысты ерлермен иық тіресе атқара жүріп, он баланы тәрбиелеп өсірген батыр ана. Еңбектің ауырлығын, тұрмыстың қиындығын ерлі-зайыптылар татулық пен төзімділіктің арқасында жеңе білді. Ұрпағынан да соны талап етіп, бүгінгі мерейлі әулетті сүттей ұйытып отырған жайлары бар.

Нұрила Нұрмағанбетқызы, батыр ана:

Балалар да тату, келіндер де тату. Татулық болмаса, үйде береке болмайды ғой. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Бірліктің арқасында осы күнімізге жеттік. 

Бүгінде Тағанбай ақсақал мен Нұрила әжей үбірлі-шүбірлі әулеттің иелері. Он баладан 29 немере , 5 шөбере сүйіп отыр. Жақында обыстық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, бұл отбасы жеңіске жеткен болатын. Енді республикаық кезеңге жолдама алы отыр. Алдағы күндері ел жүрегі - елордаға жолға шықпақ.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу