Алматыда 600 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 600 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды

02.09.2019

Білім күнінде Алматыдағы «Нұркент» шағын ауданында 600 балаға арналған жаңа мектеп ашылды.

Салтанатты жиынға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып, оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Осы заманға сай үлгіде салынған мектепте 10 мультимедиялық кабинет, 4 информатика және физика, химия, биология кабинеттері, робототехника кабинеті мен компьютерлік сынып және 2 спортзал бар. 

Жалпы, биыл Алматыда 204 мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. 260 мың бала жаңа оқу жылына дайындықпен кірісті. Соның ішінде 32 мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа барды. Мәселен, алып шаһардағы 55 жылдық тарихы бар 113 мектеп-гимназиясына 184 бала қабылданды. 6 сыныпқа бөлінген бүлдіршіндер жаңартылған бағдарлама бойынша білім алады. Сонымен қатар, аталған оқу ордасына биыл күрделі жөндеу жүргізілген. «Мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдайды жасаймыз»,-деді қала басшысы.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:

Біз әлеуметтік саланы дамыту мақсатында мемлекетіміздің бағдарламасын іске асыруды бастадық. Оның ішіндегі үлкен шаралардың бірі - осындай көптеген мектептер салу. Қаламызда бүгінгі таңда 25 мың мектепте орын жетіспейді. Сол себептен осы Алатау ауданының өзінде ғана алдағы екі-үш жылдың ішінде қосымша тағы да 6 мектеп салынатын болады.

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу