Мемлекетіміздегі 3 миллионнан астам оқушыға қандай тәрбие мен білім беріп жатырмыз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекетіміздегі 3 миллионнан астам оқушыға қандай тәрбие мен білім беріп жатырмыз?

01.09.2019

3 миллионнан астам оқуышға қандай тәрбие мен білім беріп жатырмыз?

Биыл 1 қыркүйек жексенбіге келгені. Дегенмен алғашқы қоңырау соғылды. Мемлекетімізде мектепте оқитындардың саны 3 миллионнан асады.

Ал бүгін 1 сыныпқа 405 мың бала барды. Бұл бір жағынан «кейбір «дерттер» табиғи түрде ұрпақ ауысқанда жойылады» дейміз ғой, сол үмітті үкілей түседі, екінші жағынан, «3 миллион адамға қандай тәрбие, қандай білім беріп жатырмыз?» - деген нақты сауалдың нақты жауабын бере аламыз ба?

Тамыз конференциясында Президент Қ.Тоқаевтың «...Педагогтарға қысым жасауды доғару керек, әкімдіктер мұғалімдерді білім саласына қатысы жоқ түрлі жұмысқа жегуін қояр емес. Бұл проблеманы шешу үшін Үкіметке шұғыл, мәселені түбегейлі өзгертетін шаралар қолдануға тапсырамын» дегені функциясына жатпайтын жұмысқа «жоқ, шықпаймын» дейін десе, қудалауға ұшырайтынын білетін мыңдаған мұғалімді елеңдетіп тастағаны анық.

Қазір «Жоқ, шықпаймын, санақ жүргізбеймін, көше сыпырмаймын»,- деп азшылық айтады. Құл болып жүргеннен мұғалімнің зардап шегетіні өз алдына, соны көріп жүрген балалардың өмір сүріп отырған мемлекеті туралы пайымы қалыптасады.

Алдағы 4 жылда мұғалімдердің айлығы 2 есеге көбейетіні туралы жаңалыққа келсек, сол Тамыз конференциясына келген ұстаздар «қандай коэффициент бойынша қалай көбейетініне қарау керек» деп жымиған. Есептеудің неше түрлі әдістері болатынын олар да біледі... Ал мектеп формасы мен керек-жарақтың қаншаға қымбаттағанына бағдарламаның соңына қарай тоқталамыз.

 

Хабарламаларға жазылу