Президент қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады

05.06.2019

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша мұсылман қауымын қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтады. Ақорданың ресми сайтындағы хабарламада ол айтулы мерекенің өзара түсіністікке, келісімге жетелейтінін атап өтті. Сондай-ақ, әр шаңыраққа бақ-береке тіледі.

«Құрметті отандастар!

Барша мұсылман қауымын Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Адамгершілікке, мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін қасиетті Рамазан айының аяқталуы – күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды мереке.

Ораза айт күндері әр мұсылман туған-туыстары мен бауырларына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, өзінің рухани дамуына зор мән береді.

Ізгі ойлар мен игі істер өзара түсіністік пен келісімге бастайды, адамдарды ортақ мақсат-мүддеге жетелейді.

Қазақстан – бейбіт өмір мен жасампаздықтың мекені. Өзге діни сенімдерге құрмет, толеранттылық пен адамгершілік құндылықтар – халқымызға тән игі қасиеттер.

Ислам ілімі Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлттық дәстүрге берік қоғамымыздың рухани жаңғыру идеясына толық сай келеді.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін! Ораза айт құтты болсын!», - делінген құттықтауда.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу