Бүгін Қазақстан бойынша 10 мыңға жуық сайлау учаскесінде тұрғындар таңдауын жасауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Қазақстан бойынша 10 мыңға жуық сайлау учаскесінде тұрғындар таңдауын жасауда

09.06.2019

Сайлау — бұл халықтың өз болашағы мен тағдырын таңдауы.

Олардың әрқайсысы өз шешімінің жарқын болашаққа бастайтынына сенеді.

Биылғы сайлау кандидат саны жағынан ең көп үміткер тіркелумен ерекшеленіп отыр. Осы жеті үміткер де бүгін таңертең ертемен тұрып, халықпен бірге сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасады. Бұл бөлімшелерде біздің түсіру тобымыз да болып, олармен тілдесіп үлгерді.

Таңғы сағат 8:00. Үміткерлердің алғашқысы боп сайлау учаскесіне Жамбыл Ахметбеков келді. Президенттік сайлауда жинаған азды-көпті тәжірибесі бар кандидат халықтың дұрыс таңдау жасайтынынан үмітті.

Жамбыл Ахметбеков, ҚР Президенттігіне үміткер:

Халықтың бәрі өз таңдауын жасайды. Өйткені, Қазақстанның жаңа жолы бүгіннен бастап айқындала бастайды. Сондықтан халықтың өз таңдауын жасайтынына сенімдіміз

Ал, оралдық Аманкелді Таспихов жұбайы екеуі таңдау жасау үшін елордаға арнайы ұшып келіпті.

Амангелді Таспихов, ҚР Президенттігіне үміткер:

Мен үшін үлкен жауапкершелік, үлкен абырой. Бүкіл Қазақстанды аралап өзіміздң позициямызды түсіндіріп өттік. Ешқандай кедергі болған жоқ. Менің ойымша, барлық жерде заң қатаң сақталынды.

Тұрғылықты мекен-жайы бойынша Астана опера театрындағы 115-ші сайлау учаскесіне тіркелген Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы жерге келіп өз таңдауын жасады.Дауысын берді, барлық қарсыластарына сәттілік тіледі

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенттігіне үміткер:

Бұл қақтығыстың алаң емес. Бұл үміткерлердің ұсыныстары бағдарламалары бәсекеге түсетін дода. Халқымыз ешқашан елде болып жатқан саяси оқиғаға бей-жай қарамаған. Бүгін азаматтарымызы сайлауға келіп, дауыс беріп, өз белсенілігін білдіреді деп үміттенем.

Елордадағы №52 сайлау учаскесінің алғашқы сайлаушысы таңғы сағат 6 жарымда келді. Ал, президенттікке кандидат Төлеутай Рахымбеков сағат тілі тура 10-ды көрсеткенде отбасымен бірге бөлімшеге келіп кірді. Үміткер үшін бүгін қос мереке.

Төлеутай Рахымбеков, ҚР Президенттігіне үміткер:

Маңызды күн. Қазақстанның таңғдыры шешілетін күн. әр сайлау сондай ғой. Парламенттік де президенттік те. Бүгін — үлкен немеремнің туған күні. Сондықтан көңіл-күйім өте керемет.

Сәдібек Түгелдің де көңіл-күйі керемет бүгін. Шығармашылық адамы болғаннан да шығар, эмоциясын жасыра алмады.

Сәдібек Түгел, ҚР Президенттігіне үміткер:

Көңіл толқып, жүректі қуаныш кернеп тұр. Халықтың белсенділігін, халықтың сайлау учаскесіне ағылып жатқанын көріп тұрмын.

Дәния Еспаева — Қазақстандағы сайлау тарихындағы алғаш әйел үміткер. Неге екені белгісіз Еспаева дауыс беруге қасына ешкімді ертпей, жалғыз өзі келіпті.

Дәния Еспаева, ҚР Президенттігіне үміткер:

Түнімен ұйықтаған жоқпын. Бір айдың арасында ұйқысыз ай болды деп ойлаймын мен үшін.

Үміткерлердің ең соңғысы болып сайлау учаскесіне Әміржан Қосанов келді. Таңдауын жасай сала, қаумалаған журналистерге сұхбат беріп үлгерді.

Әміржан Қосанов, ҚР Президенттігіне үміткер:

Сайлау — өте жауапты кезең. Әрбір азаматтың конституциялық құқы ғана емес. жаңа билік келе жатқан кезде міндеті деп ойлаймын. Барлық сайлаушыларды белсенді қатысуға шақырамын.

Елорда аумағында 239 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Сайлау кезінде әрбір учаскені халықаралық ұйымдар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың бақылаушылары қадағалауда ұстады.

 

Хабарламаларға жазылу