Кеше Қазақстан халқы ел өміріндегі кезекті тарихи оқиғаның қатысушысы және сол оқиғаны жасаушысы бола білді. Жаңа Президентті таңдауға 12 миллионға жуық қазақстандық атсалысты. Сарапшылар мен саясаттанушылар, байқаушылар мен қоғам белсенділері бүгін Орталық сайлау комиссиясы жариялаған нәтиже халықтың шынайы қолдауына сай екендігін және бұл саяси доданың бұрынғылардан өзгеше өткенін айтуда.
Кеше аяқталған саяси доданы мыңдаған шетелдік байқаушыны айтпағанда отандық сарапшылар мен саясаткерлер де жіті бақылап отырды. Ауыл әкімдерінің, Парламент депутаттарының сайлауына атсалысып, сараптама жасап жүрген белді мамандар биылғы Президенттік доданың ерекшеліктерін айтуда.
Ерлан Сайыров, саясаттанушы:
Біріншіден, демократиялық үрдістер өзінің көрінісін тапты. Осы сайлау біздің еліміздің саяси тақырыбындағы өткен демократиялық сайлаулардың бірегейі деп айтуға болады. Сонымен бірге, қоғамның саяси күш-жігері, саяси санасы өскен.
Елдегі саяси үрдістерді іштен білетін отандық мамандар бұл сайлау халықтың саяси сауатын ғана емес, саяси мәдениетін де арттырғанын айтады. Себебі, бұл жолы таңдау жасауда сайлаушылар бұрынғыдай телеарна мен газет -журнал арқылы ғана емес, әлеуметтік желі арқылы да үміткерлердің бағдарламаларымен танысты.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
Менің өзімнің Тоқаевтың жеңетініне күмәнім болған жоқ. Бір жағынан заңды, бірақ енді екінші мәселе бар. Біріншіден, бұл сайлауды қазақстандық қоғамның мойындауы, екіншіден, әлемдік қауымдастықтың мойындауы. Осы екеуі егер тоғысатын болса, онда болашақтағы үлкен саяси науқандарға жол ашылады
Қазақстанда өткен Президенттік сайлауға әлемдік қауымдастық бағасын бере бастады. Қалай болғанда да, бұл науқан қоғамға келесі саяси додадаларды өткізуге мол тәжірибе берді.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ