Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде айтқан 10 қадамы - көпшіліктің көңілінен шығатын бастамалар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде айтқан 10 қадамы - көпшіліктің көңілінен шығатын бастамалар

12.06.2019

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде айтқан 10 қадамы - көпшіліктің көңілінен шығатын бастамалар. Елбасы саясатымен сабақтасқан бұл басым бағыттар елімізді алға жетелеуге мүмкіндік берері сөзсіз. Қоғам қайраткерлерінен бастап, қарапайым халыққа дейін айтылған осы шешімдердің жүзеге асқанын күтеді. Мемлекет басшысы да бүгін құр сөзге емес, нақты істерге басымдық беріп, биліктің бүкіл тармақтарынан соны талап ететін айтты.

 

Талас пен тартысқа толы болған саяси науқаннан кейін халық өз таңдауын жасады. Көпшілік Тұңғыш Президенттің жолын жалғастырамын деген Тоқаевқа сенім артты. Бүгінгі салтанатты шарада айтқан сөздері де сол сенімді бекіте түскендей.

 

Рүстем Әбдірашев, режиссер:

Негізгі бағыттардың бірі халықтың әл-ауқатын қалпына келтіру деген сияқты сөздері жүректен жылу тапқан секілді. Шыныда шешілмей жатқан шаруа көп. Солардың бәрін іске асырып, халықтың әл-ауқатын жақсарту керек. Біз соған қосыламыз.

 

Ырза Тұрсынзада, дизайнер, «Құрмет» сыйлығының иегері:

Біз өзіміздің, ұрпағымыздың болашағын таңдадық. Мен үлкен үміт артамын.

 

Президент аузынан шыққан әрбір сөз көптің талқылауында. Бұл сайлауалды үгіт-насихат кезінде айтылған бағдарламаның түйіні десе де болады. Жұртшылыққа жаққаны әсіресе, Президенттің әлеуметтік саясаттағы ұстанымы. Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың табысын арттыруға күш салып, таяу арада нақты міндеттерді айқындаймыз деп айтқан болатын.

 

Рүстем Кемешов, ауыл тұрғыны:

Күршім ауданы Марқакөл аулынан келіп отырмын. Жалпы, шекаралық аймақты тұрамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Осы бағдарламаның арқасында жақсы болашақ жалғасады деп сенемін.

 

Бекзат Алтынбеков, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы: Сабақтастықпен жалғасатындығы ерекше қуантты. Елбасының игі бастамалары елдің еңсесін көтеретін. Оның жалғасатындығы бізді ерекше қуантты. Барша халық елде тыныштық болса екен деп тілейді.

 

Асқар Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Экономиканың өсімі тек бір нәрсеге ғана жұмыс істеуі керек. Ол халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту. Яғни, халықтың тұрмыс деңгейі, жағдайы, сапасы көтерілу керек.

 

Президенттің салтанатты шарада айтқан сөздері жан-жақты, барлық саланы қамтиды. Осылайша, жаңадан сайланған Мемлекет басшысы ел билігі алдында үлкен міндет қойып отыр. Сабақтастыққа өрілген бұл саясат қолдағы барды сақтап, биік межелерді бағындыруды көздейді. Жұртшылықтың да қалауы - осы.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу