Елорда әкімдігінің ұжымы бүгін Бақыт Сұлтановты шығарып салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда әкімдігінің ұжымы бүгін Бақыт Сұлтановты шығарып салды

13.06.2019

Қызметіне кеше ресми түрде кіріскен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін елорда жұртшылығына жаңа әкімді таныстырды. Нұр-Сұлтан қаласының жаңа әкімі болып бұған дейін Батыс Қазақстан облысын басқарған Алтай Көлгінов тағайындалды. Президент қаланы тоғыз ай басқарған Бақыт Сұлтановтың қызметіне алғыс айтып, еңбегіне оң баға берді.

 

Елорда әкімдігінің ұжымы бүгін Бақыт Сұлтановты шығарып салды. Оның орнына бұған дейін Батыс Қазақстан облысын басқарған 41 жастағы Алтай Көлгінов тағайындалды. Президент жаңа әкімді жас бола да, тәжірибелі маман деп таныстырды.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Болашағынан көп үміт күттіретін жас маман, мемлекеттік қызметте, орталықта, өңірде тәжірибесі мол. Әкім ретінде Батыс Қазақстан облысының дамуына елеулі үлес қосты. Қоғаммен, жалпы халықпен тіл табыса алады.

 

Жаңа басшыға жаңа міндеттер. Қалада өндіріс көлемі қазір 6 триллион теңгеден асқан. 20 жылда халық 3 есе, бала туу көрсеткіші 2 есе өскен. Президент «елорда өзге өңірлерге әлеуметтік мәселелерді шешуде үлгі көрсету керек», - деді.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жақын арада мен әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелерді шешуге бағытталған Жарлықтарға қол қоямын. Сондықтан да Нұр-Сұлтан қаласы көштің басында болып, әлеуметтік мәселені шешуде өзгелерге үлгі болуы керек.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің жұмыс нәтижесі жаңа жұмыс орындарының санымен бағаланатынын тағы да еске салды. Жаңа жүктелген міндеттердің ішінде балабақша мәселесін бизнеспен бірігіп шешу, үшауысымды мектептерді жою да бар. Ол үшін Президент қалаға ішкі және сыртқы инвестиция тартуды тапсырды.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жағдайды зерттегенде байқанымыз, азаматтарды жұмыстың жоқтығы алаңдатады. Сондықтан да оларда наразылық туындайды. Жаңа жұмыс орындарын ашу барлық әкімдерідң басты міндеті болады. Кейде бар жұмыс орындарына адам табылмай жатады. Себебі кейде жұмыстан гөрі атаулы әлеуметтік көмек алған тиімді. Бұл әрине дұрыс емес. Біз осы жұмыстың барлығын тиісті деңгейде ұйымдастыруымыз керек.

 

Қаладағы ашық жатқан кәріз құдықтарының мәселесі мемлекеттік деңгейде көтерілді. Себебі, тек бір жылда құдыққа құлап бірнеше бала қайтыс болған. Президент осы мәселеге де тоқталды.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кәріз құдықтарының мәселесін көтерудің өзі ұят. Еуразияның астанасы деп жүрген қалада адамдар құдыққа құлап мерт болып жатыр. Үкімет пен әкімдік бұл мәселені шеше алмады. Бұл ұят нәрсе.

 

Президент шенеуніктерге сөзді қойып, іске көшуді тапсырды.

 

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

Қ.Кемелұлы айтқан тапсырмаларды жүзеге асыруға әріптестерімізбен бар күш-жігерімізді слаатын боламыз.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

 

Хабарламаларға жазылу