ҰБТ: Жаңа министр биылғы өзгерістер туралы айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰБТ: Жаңа министр биылғы өзгерістер туралы айтты

18.06.2019
ҰБТ: Жаңа министр биылғы өзгерістер туралы айтты

Бүгін Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша Үкімет отырысы өтті. Онда жаңадан тағайындалған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тестілеуге дайындық барысы туралы баяндады. 

 

ҰБТ елімізде 16 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін білім сынағына 1 млн 800 мыңға жуық адам қатысқан.

 

А.Аймағамбетов тестілеу форматының биылғы жылы айтарлықтай өзгермегенін жеткізді. Тапсыратын пәндер, сұрақтар, ұпай саны, уақыты бұрынғы форматта қалды.

 

Биыл тестілеуді өткізу 20-30 маусым аралығына белгіленген, 169 тапсыру пунктерінде өтеді.

 

ҰБТ-ға қатысу үшін 117 242 адам өтініш берген. 96 мыңнан астамы осы жылғы мектеп түлектері, 20 мыңнан астамы биылғы және өткен жылдары колледж бен шетелдік білім беру ұйымдарының бітірушілері.

 

Министр биылғы жылы талапкерлерге көмек ретінде бірқатар жеңілдіктер енгізілгенін атап өтті.

 

Биылдан бастап ақылы оқуға түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі. Бұл оқушыларға психологиялық қысымды азайтуға және маусым айында өтетін ҰБТ-ға дайындалуға мүмкіндік беріп отыр. Қаңтардағы тестілуге 35 мыңдай, наурызда 80 мыңға жуық үміткер қатысқан. Бұл - жалпы мектеп бітірушілерінің 78 пайызы. Білім беру гранттарын жеңіп алу үшін талапкер міндетті түрде жазғы ҰБТ тапсыруы қажет.

 

Колледж түлектері бітірген мамандықтары бойынша ЖОО-на ақылы негізде түсу үшін ҰБТ-дан босатылып, тек емтихан тапсырады.

 

IELTS халықаралық сертификаты бар түлектер шет тілі пәні бойынша тестілеуден босатылады. Оларға осы пән бойынша максималды балл автоматты түрде беріледі. Қазіргі түлектер арасында IELTS сертификаты бар балалар саны - 708.

 

Әр бітірушіге сертификатпен бірге арнайы ақпараттық парақ берілетін болады. Онда мамандықтар тізімі, оған сәйкес бөлінетін гранттар саны, өткен жылғы грант конкурсының нәтижелері, яғни, өту балы көрсетіледі.

 

Биыл гранттар білім беру бағдарламаларының топтары бойынша бөлінетін болады. Барлығы 97 топ бар. Пәндер комбинациясы мен сәйкесінше білім беру бағдарламалары топтарының көлемі:

«Биология» + «География» - 9

«Дүниежүзі тарихы» + «География» - 4

«Математика» + «Физика» - 25

«Химия» + «Биология» - 16

«География» + «Дүниежүзі тарихы» - 1

«Қазақ тілі» + «Қазақ әдебиеті» - 3

«Орыс тілі» + «Орыс әдебиеті» - 3

«Шет тілі» + «Дүниежүзі тарихы» - 5

«Математика» + «География» - 9

«Дүниежүзі тарихы» + «Адам. Қоғам. Заң» - 2

«Химия» + «Физика» - 1

«География» + «Шет тілі» – 2

Шығармашылық емтихан + Шығармашылық емтихан (білім беру бағдарламалары топтарының саны - 9).

 

2019-2020 оқу жылына 66 556 грант бөлінді, оның ішінде бакалаврға - 51 085, магистратура - 13 159, докторантура (PhD) - 2312. 

 

«ҰБТ-ны ұйымдастыру барысы бойынша тестілеуді өткізу және бақылау жасау үшін өңірлерге министрліктің арнайы өкілдері жіберілді. Қазіргі уақытта тестілеу материалдары құпия режимде өңірлерге толығымен жеткізілді. ҰБТ-ны ұйымдастыру үшін мемлекеттік комиссиялар құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының, қоғамдық бірлестіктер және БАҚ өкілдері енген. Республикалық деңгейде және жергілікті әрбір ҰБТ өткізу пунктінде апелляциялық комиссиялар құрылды.

 

Барлық аудиториялар 100 пайыз ұялы телефон сигналдарын өшіретін құралдармен және бақылау бейнекамераларымен жабдықталды», - деді минстр баяндамасында. 

 

Қазіргі уақытта жедел ақпарат алмасу үшін министрліктің арнайы Call-орталығы жұмысын бастады. 

Хабарламаларға жазылу