Алматыда Орталық Азия жастарының фестивалі өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Орталық Азия жастарының фестивалі өтіп жатыр

23.08.2019

Ауқымды шараны Жастар жылы аясында Елбасы қорының өкілдері ұйымдастырды. Екі күндік фестивальде жастар қандай мәселелерді талқылауда? Орталық Азия жастарын толғандырған ортақ проблемалар қандай? Тілші Аманкелді Сейітхан біліп қайтты.

Фестивальге 6 мемлекеттен 300-ден астам жігерлі жас келді. 18 бен 29 жас аралығындағы белсенділер «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында бас қосты. «Алматы - жастардың қаласы. Ірі мегаполис тұрғындарының 37 пайызы - солар», - деді шараның ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев. Ал Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешов Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға жолдаған жеделхатын оқып берді.

Әсет Исекешев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры:

Бүгінде адам капиталы - ұлт жетістігінің басты факторы. Қазір көп мәселе қарулы қақтығыстармен емес, парасатты шешімдер арқылы дұрыс жолға қойылады. Ал, әр мемлекеттің негізгі ресурсы - жастар. Демек, жастардың жігерін жанып, ойларын ұштау - біздің мақсатымыз. Сондықтан 2019 жылы Қазақстанда Жастар жылы болып жарияланды. Бұл - жас көсбасшылардың әлеуетін арттыруға арналған алғашқы қадам.

Жастардың саяси сауаты мен азаматтық ұстанымын көтеруге арналған фестиваль бірнеше бағытта өтуде. Негізінен қатысушылар жұмыссыздықпен күрес, киберқауіпсіздік, сапалы білім алу, көші-қон, кәсіпкерлік мәселелерін талқылауға кірісті. Сонымен қатар, 2020 жыл елімізде Еріктілер жылы болып бекітілгендіктен, олардың мүмкіндіктерін молайту ісі де пысықталады.

Мәди Ахметов, қалалық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы:

Неге Қазақстанда ұйымдастырылып жатқан шараларға көрші мемлекеттерден еріктілерді шақырмасқа?

Махина Нұрсаятова, қатысушы (Өзбекстан):

Бұл жиынның берері көп. Өйткені Орталық Азия елдерінде интгерациялық процесстер мемлекеттік деңгейде жақсы іске асып жатыр. Ал, әр мемлекеттің қозғаушы күші - жастар. Сондықтан бәріміз біріксек, ғаламдық үрдістерге оңай ілесеміз. Өзбекстаннан 50-ден астам адам келдік. Мұнда әрқайсымыздың өз міндетіміз бар. Бірақ ортақ мақсатымыз біреу. Біз осы аймақтың жастарына тән қиындықтарды бірігіп жеңсек дейміз.

Екі күндік шарада бірнеше панельдік сессия мен шеберлік сабақтарын өткізіледі. Ең бастысы, жастардың маңызды мәселелерін шешуге арналған 30-ға жуық стартап жобаның ішінен үздік екеуі таңдалып, оларға қаржылай қолдау көрсетілмекші. Осылайша, бүгінгі буын өңірлік интеграциялық жобаларды іске асырып, жастар саясаты механизмін әзірлеуге мүмкіндік алады.

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу