Қарқаралыда Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіш ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарқаралыда Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіш ашылды

27.08.2019

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы және Әлімхан Ермековтың ескерткіші ашылды. Ұлт зиялыларының ел мүддесі үшін күреске толы  өмір жолы осы өлкемен тығыз байланысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған игі шараға елімізге танымал мүсіншілер, Қарқаралы аудынының басшылығы, жергілікті азаматтар атсалысқан. Ерекше композициялық шешімімен ой салар қоладан құйылған ескерткіштің ашылу салтанатында Тілшіміз Руслан Нұрланұлы да болып қайтты.

Қарқаралыға  кірер орталық көшедегі ең көрнекті жерде кеңес құрып үш арыс отыр. Көрген адамға ой салып, жүрегіне сәуле түсірері сөзсіз. Осынау ескерткішті салу жөніндегі ұсыныс осыдан үш жыл бұрын жергілікті билік тарапынан қолдау тапқан. Оның авторы елімізге танымал мүсінші Талғат Байоразов.

Талғат Байоразов, мүсінші:

Алаштың болашағы, ертеңі үшін күрескен сондай қайраткерлердің образын беру оңай нәрсе емес, шындығын айтқанда. Өте күрделі композиция. Әр персонажға 2 тонна қола кетті. Өте күрделі. Бірақ ойдағыдай шықты деп ойлаймын.

Қоладан құйылған еңселі ескерткіштің биіктігі  тұғырын есепке алмағанның өзінде 3 метрден асады. Таза қоладан құйылған.  Айналдыра салынған қабырға тастарында алаш қайраткерлерінің қанатты сөздері жазылған. Жалпы ұлт зиялылары исі қазаққа ортақ. Ал Қарқаралы өлкесі  олардың өмір жолымен, саясаткер  тұлға ретінде қалыптасумен тығыз байланысты. Мәселен, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Алаш арыстары бастаған Қарқаралы уезіне қарайтын 5 болыстың игі жақсылары сол кездегі әкімшілік жүйеге, отарлау саясатына қарсы петиция жазып, оны нақ осы шежірелі қаладағы телеграф арқылы Ресейге жолдаған. Бүгінде мұрайжайда сақтаулы құнды құжаттар соның дәлелі.

Қойлыбай Асанов, Филология ғылымдарының докторы, профессор:

Қарқаралының құба белінен асып түсукенде Алаштың үш арысы Әлихан Бөкейхановтың, Әлімхан Ермековтың, Ахмет Байтұрсұынұлының келелі кеңес құрып кешегі ғибратты әңгімелері әлі күнге шейін соның рухы жалғасып жатқандай мына жерге осында композицияның орнатылуы бұл керемет үлкен рухани қуаныш деп ойлаймыз.

Рухани шараға жиналған қонақтар бұл күні Құнанбай қажы салдырған көне мешітке арнайы соғып құран бағыштады. Биыл бұл тарихи ғимарат орналасқан көшеде Құнанбай қажы мен бала Абайдың ескерткіші бой көтерген болатын. Әкелі-бала мүсінін  тамашалаған меймандар оған ерекше үйлесімді орнатылғандығын айтты. Айта кету керек, алдағы уақытта үш арыс ескерткіші маңында бір гектарға жуық аумақта салтанаты келіскен аллея салынады.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу