Алматы облысының Іле ауданында Конституция күніне орай бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Іле ауданында Конституция күніне орай бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді

30.08.2019

Алматы облысының Іле ауданында Конституция күніне орай бірнеше әлеуметтік нысан халық игілігі үшін пайдалануға берілді. 215 мың тұрғыны бар аудан үшін бұл — зор қуаныш. Бүгінде Алматы облысы бойынша осы өндірістік өлкенің өнеркәсіп көлемі - 33 пайызға тең. Облыстық бюджеттің 57 пайызы осы ауданға тиесілі. Биылғы жарты жылдың ішінде 128,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ең ірі өнеркәсіптік аудан болғандықтан, жұмыс орнын көбейту ісі де көш ілгері.

Ауданда өткен мерекелік шарада алдымен, елді мекендердің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Себебі облыс көлемінде аталған өлке өндіріс жағынан озып тұр. Ал осы жолда еңбек етіп, тер төгіп жүрген білікті мамандардың балалары тәрбиеленетін балабақшаның пайдалануға берілуі қуанышты еселеді. 250 орындық бөбекжайда 30 жаңа жұмыс орыны ашылды.

Бағдат Қарасаев, Іле ауданының әкімі:

Биылғы жылы біз 10 балбақша ашамыз 700 орынға арналған, жалпы осы бойынша 98,5 пайыз балабақшамен қамтамасыз етеміз. Ендігі жылы біз толық 100 пайыз қамтамасыз етеміз.

Іле ауданында 50-ден аса медициналық мекеме жұмыс істеп тұр. Алайда халық саны жыл сайын көбейетіндіктен, бұл жеткіліксіз. Сондықтан ауылдық аумақтарда қосымша мекеме ашу қолға алынған. Солардың бірі — 33 мың тұрғын мекендейтін Боралдай кентіндегі оңалту орталығы. Мұнда білікті дәрігерлер инфаркт, инсульт алған науқастардың оңалып, сауығып кетуіне жәрдем береді.  

Саадат Сәткенбайқызы, Оңалту орталығының директоры:

Біз 20 мың халыққа тегін қызмет көрсетеміз, кепілдендірілген қызмет көрсетеміз. 10 орындық тәуліктік стационарымыз бар. 25 орындық күндізгі стационарымыз бар.

Алматыға іргелес жатқан ауданның 10 ауылдық округінде 31 елді мекен бар. Солардың 90 пайызы ауызсумен қамтамасыз етілген. Ал биыл «Бақытты отбасы», «7.20.25» мемлекеттік бағдарламаларына сай, жалға берілетін 60 тұрғын үйдің құрылысы басталмақшы. Қазір Боралдай кентінде 40 пәтерлі 6 үй салынып жатыр. 72 тоғыз қабатты үйдің жобалық сметалық құжаттары да дайын.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу