Қазір әлеуметтің әлеуетін әлеуметтік желіге жегілген жұртының санына қарап топшылауға болады. Әлемжелі алпауыт күшке айналды, оған тіркелмегенді табу түске айналды. Өйткені, жер басып жүрген 7 миллиард адамның 8-і секундына қандай да бір сайтқа тіркелетінін ескерсек, жаны жоқ, бірақ, жады бар желімен есептеспеске шараң қалмайды.
Интернеттің игілігін қолданса жақсы, дегенмен, мұнда қиғылық салатындар көп. Пәрмен берсең, пернетақтаны ұрғылап, біреуді мақтайтын немесе жата кеп даттайтын, «сайттың сарбаздарынан» аяқ алып жүре алмайсың. Ол ол ма, жоныңнан таспа тілгендей тіліңді тыйып тастайтын тағы бір сұмдық статистика көлбеңдеп тұр. Жылына әлемде 100 жасөспірім ғаламтордағы жазбасы үшін өлтіріледі екен. Осылайша, біз бұрын бейқам қараған виртуалды өмір ритуалды өлімге әкелуде. Кінә кімнен, кінәрат неден?
Бала телефонға тұтылды дегенше, тәрбиесі ұтылды дей беріңіз. Өйткені, сайқал сайттардың сарбаздары сенсордың арғы бетінен-ақ ұл-қызды азғырып, құндылығын аздырып жібереді. Соның бірі - желі арқылы кәмелетке толмаған балаларды арбайтын педофилдер. Тәнінің тоятын жасөскіннен іздейтін азғындар өкінішке қарай, біздің елде де қаптап жүр. Құрыққа түскендерін құдыққа тастай алмайсың. Соттаймыз тек, алайда, сарапшылар түрмеден шыққан педофилдердің 84 пайызы қайтадан сол қылмысқа баратынын айтты. Жүйкесінде жыны бар азғындар қоғам алдында ұялар деген үмітпен 2016 жылы арнайы электронды база іске қосылды. Міне, мұнда еліміздің қай өңірінде қанша педофилдердің бары, тіпті олар туралы толық ақпарат пен суреті де қойылған. Алайда, содан бері жасөкінге бөтен көзбен қарайтындар сап тыйылды деу жауырды жаба тоқығанмен бірдей. Психологтар «Қазір арсыздар көбіне интернет арқылы ұл-қыздармен танысып, әбден сеніміне кіріп, содан кейін ғана азғындыққа баратын болған», деп дабыл қақты. Азғындарды ауыздықтау үшін біздің ел химиялық кастрацияны енгізді, яки, педофилдерді піштіретін болды. «Бірақ, бұл да тиімді тәсіл емес», дейді мамандар. Қайтпек керек? Биді дауда, батырды жауда көрген, елдің жүгін ер мен нарға берген қазақтың бүгінгі ұрпағын педофилдерден қалай құтқарып қаламыз?
Еркін СЪЕЗҰЛЫ