ЮНЕСКО қазақтың ұлттық жоралғыларын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы деп таныды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЮНЕСКО қазақтың ұлттық жоралғыларын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы деп таныды

18.01.2019

Қазақстан мың жылдан астам уақыттан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрін Маврикий Республикасында өткен сессияда ұсынды.

Жылқының қазақтың ұлттық сана-сезімінде алатын орны ерекше. Ал, «қымызмұрындық», «бие байлау» және «айғыр қосу» деген жоралғылары - қазақтың салт-дәстүр мерекесінің бүгінге дейін жалғасуының дәлелі.

Осыған орай «Ұлытау» қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметов ЮНЕСКО-мен берілген номинациясына қатысты ой-пікірімен бөлісті.

«Ұлытау – Қазақстанның географиялық және тарихи орталығы. Ұлытау ауданында 15 ауыл бар. Сол 15 ауылдың ішінде шалғайда жатқан Терісаққан ауылында «бие байлау», «айғыр қосу», «қымызмұрындық» жоралғылары жақсы сақталған.

Ауыл халқы жыл сайын 1-ші мамырда жаппай бие байлайды екен. Ауылда 50-ге жуық үй бар, оның 25-і үйір бие ұстайды. Ауыл тұрғындары дастархан жайып, қонақ шақырады. Қонақтар барлық үйді аралап, бие байлауды қызықтайды. Оның несі қызық? Біріншіден, құлынға ноқта салу. Оны әдейі жас балаларға береді. Бала құлынмен алысып, оны байлап, қызық көреді. Кейін биені желіге байлап, сауады. Бие саууды жас қыздарға көрсетеді. Әжелеріміз батасын береді. Бұл ғасырдан келе жатқан салт, жастарды тәрбиелеудің бір жолы.

Екінші рәсім – «айғыр қосу». Жылқы иелері екі жылда бір рет айғырларын ауыстырады. Өйткені, жылқының жақсы қасиеті бар. Ол анасы, қызы, қарындасына шаппайды. Сондықтан, айғырды ауыстыруға мәжбүр. Үйірдің өсуі айғырға байланысты.

Осы рәсімдер қазір фестивальге айналды. Шет  елдерден арналар келіп, фильм түсірді. Көп жұмыс жасалып жатыр. Этнографтар осы рәсімдерді қызық санап, ЮНЕСКО номинациясына ұсыныс жасау туралы ой салды. Біз ЮНЕСКО маманын жалдап, құжаттар жинап, ұсыныс жібердік. 2018 жылдың қарашасында Маврикий Республикасына шақырту алдық. Содан ЮНЕСКО қазақтың ұлттық жоралғыларын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы деп таныды.

Бұл бір алынған белес, мақтаныш. Басқа да жоспарларымыз бар. Бабаларымыз жылқыны қолға үйретіп, адамзатқа ұсынды. Осыны насихаттау жұмысы жүргізілуде. Енді Гиннесс рекордтар кітабына кіруге жоспар бар», - дейді қонақ.

 Толық нұсқасы

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз. 

 

Хабарламаларға жазылу