Естай Дәубаев зергерлік өнерді 30 жылдан бері жаңғыртып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Естай Дәубаев зергерлік өнерді 30 жылдан бері жаңғыртып келеді

15.01.2019

«Tansholpan»-ның бүгінгі кейіпкері - суретші-зергер Естай Дәубаев. Естай Дәубаевтың әрбір туындысы шеберлікпен, жоғары сапада жасалады. Шебердің айтуынша, оның жасаған әрбір бұйымы өзіне ыстық. «Десе де, ішінде жаныма жақын, ерекше жақсы көретін туындыларым бар», дейді.

Ол ұлттық зергерлік өнерді 30 жылдан бері жаңғыртып келеді. Алғашқы еңбек жолын Алматыдағы орталық музейде реставратор болып бастап, күнделікті көне заттармен жұмыс істеп, көп әсер алған. «Соның арқасында өзімнің зергерлік бағытымды таптым», дейді.

Естай Дәубаев:

2000 жылы алғаш рет шетел музейлерін аралаған кезде менде мақсат пайда болды. Мысалы, Ресейдің қай музейіне барсаң да, керемет дүниелері бар. Ол сырттан болсын, өзінікі болсын, мақтан етіп көрсете алады. Соларға қарап, қызғаныш пайда болды. Осындай заттар неге өзімізде болмасқа?! Бізде де бағалы, құнды заттар болды. Алайда, талан-таражға түсіп, жоғалып кетті. Ол туралы тек әдебиеттерден және тарихтан оқимыз.

Осылайша, көп еңбек пен ізденістің арқасында шебер өз мақсатына жетті. Бүгінде өз шеберханасы бар. Кез келген бұйымның мағынасы, сапасына және жоғары деңгейде жасалуына қатты мән береді.

Халқымыз «Ер қадірін ел білер, зер қадірін зергер білер» деп маржан мен арзанның, алтын мен бақырдың парқын біліп, жас ұрпақа жақсысын жоғалтпауды өсиет еткен.

Толық нұсқа

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз. 

 

Хабарламаларға жазылу