Айгүл Елшібаева: Ұлттық арнада дәстүрлі өнерді ұлықтайтын бағдарламалар бұған дейін де болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Айгүл Елшібаева: Ұлттық арнада дәстүрлі өнерді ұлықтайтын бағдарламалар бұған дейін де болды

11.01.2019
Айгүл Елшібаева: Ұлттық арнада дәстүрлі өнерді ұлықтайтын бағдарламалар бұған дейін де болды

13 қаңтардан бастап әр жексенбі сайын «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан  «Ұлы дала сазы» атты жаңа жоба шығады.

Музыкалық жобаның мақсаты - атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз - дәстүрлі ән, жыр-термелерді, күйлерді одан әрі дамытып, өскелең ұрпаққа жеткізу. ⠀

«Дәстүрлі өнерге жол осыдан екі жыл бұрын «Мен қазақпын» жобасы арқылы ашылды. Тәуелсіздік алғалы бері дәстүрлі өнер эстрадалық бағдарламалардың арасынан шығып қалып жүрсе де, халықтың зор ықыласына бөленіп келді.  Бұл – өлмейтін, қазақтың қанында бар рухты өнер. Дәстүрлі ән мен күйдің, жыр-терменің әр заманда өз жаршысы болды.

Ұлттық арнада бұған дейін де 25 минуттық «Терме», «Толғау» атты бағдарламалар шығып тұрды. Ата-бабамыздан келе жатқан өнерді біз осындай насихат арқылы сақтап қалуымыз керек. Қазақтың ұлттық музыка өнерінің дамуы «Ұлы дала сазы» арқылы жалғасын тауып жатқанына қуаныштымын», - деді жаңа бағдарламаның таныстырылымына қатысқан дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева. 

Сондай-ақ, әнші музыка өнеріндегі жан-жақтан қосылып жатқан ағынның арасынан ұлттық дүниені аршып алып қалуға осындай бағдарламалардың мүмкіндік беретінін айтып өтті.  

Айта кетсек, «Ұлы дала сазы» жобасының түсірілімі барысында 180-ге жуық шығарма жазылып, еліміздің барлық аймақтарынан 91 өнерпаз қатысты. Музыкалық жобада қазақ халқының әндері мен қазақ композиторларының шығармалары орындалатын болады.           

   

Хабарламаларға жазылу