Н.Назарбаев: Қытаймен көршілік байланыс нығая береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Н.Назарбаев: Қытаймен көршілік байланыс нығая береді

28.12.2018

Мемлекет басшысы маусым айында Қытайға мемлекеттік сапармен барды. Бүгінде екі ел арасында достық қарым-қатынас, тиімді экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыс орнатылған. Түрлі салада бірлескен жобалар да іске асып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты. 

«Қытай мен Қазақстанның қазіргі қарым-қатынасы жоғарғы деңгейде. Одан қорқатын ешнәрсе жоқ. Тарих бізден басталған жоқ, бізбен аяқталмайды. Құрылып, сіңіп, жоғалып кеткен ұлттар көп. Қытай бізге жаппай келіп жатқан жоқ. Барлығы заңмен келісілген. Өндірісті алатын болсақ, бізде жоқ 500 маман келіп, зауыт аяқталған соң қайтады. Бұл – келісілген мәселе. 200 миллионнан артық қытайлар басқа елдерде тұрып жатыр», - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы  Қытайдың Америкадан кейінгі өркендеп жатқан екінші ел екенін, көршілік байланыстың әрі қарай нығая беретінін атап өтті.  

«Қазір Қытай Америкадан кейінгі өркендеп жатқан екінші ел. Технология жағынан озып кетпесе, қатар келе жатыр. Осындай көршімен, екі мың шақырымдық шекарамыз бар елмен қарым-қатынас жасамауға амалымыз жоқ. Сондықтан, Си Цзиньпин мырзаның «Бір белдеу, бір жол» жобасын қолдап отырмыз. Қытаймен қарым-қатынас болғаннан кейін жастар қытай тілін білуі керек. Бұдан ешқандай қауіп жоқ, керісінше байланысты арттыруымыз қажет. Әрі қарай көршілік қатынасты дамытып, интеграцияны жүргізе береміз», - деді Н.Назарбаев.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандық БАҚ өкілдеріне сұхбаты 

 

Хабарламаларға жазылу