Елбасы Қазақстанда туризмді дамытуға болатын аймақтарды атады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Қазақстанда туризмді дамытуға болатын аймақтарды атады

28.12.2018

Елбасы отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы көптеген маңызды сұраққа жауап беріп, елдегі өзекті мәселелер туралы сөз қозғады. Оның ішінде Ұлттық арна жүргізушісі Саламат Омаштың туризм саласына қатысты сауалына байланысты өз ойын айтып, болашақ жоспарлармен бөлісті. 
 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:

- Туризм - экономиканың үлкен саласы. Дүниежүзілік экономиканың 10 пайызын осы сала құрайды. Ол біздің елде дамымаған. Сондықтан, қолға алып жатырмыз. Мен биыл барлық елдер көрсін деп, әдейі Алакөлге бардым. 

Туризм болуы үшін алдымен жол болуы керек. Авиация болсын, теміржол болсын. Қазір Алматыдан Талдықорған арқылы Алакөлге дейін автокөлік жолы бар, теміржол бар. Сол арқылы халық барып жатыр. 
Қазақстанның дәл ортасында Балқаш көлі орналасқан. Ешбір көлден кем емес. Бірақ, инфрақұрылым жоқ. Ол жерде бірінші қонақ үй салынды. 

Сондай-ақ, Алматыда тау шаңғысы туризмін, тау туризмін дамытуға болады. Түркістанға да туризм үшін жағдай жасап жатырмыз. Қонақүйлер салынса, әуежайлар жөнделсе, халық барады. Көкшетауды алсақ, жаңа 5 жұлдызды бір қонақ үй бар. Тағы біреуі салынып жатыр және коттедждердің құрылысы жүріп жатыр. Солтүстік Қазақстанда Шалқар, Имантау көлдері бар. Бурабайдан да әдемі. Ақтаудың жанынан суға түсетін орын жасауға болады. Сонда Түркияға бармай-ақ, өз ауылымызда суға түсуге болады. Ақтаудың әуежайына қарай қаланы өсіретін боламыз. Жаңа қала салынады. Соның жағалауының бәрі демалыс орындары болады. 

Жалпы, елімізде өте көп керемет жерлер бар. Біз оны ешқашан туризм жағынан қараған жоқпыз. Себебі, жолдар болған жоқ. Қазір Астанадан барлық тарапқа жол салып жатырмыз. Оның ішінде Бурабай, Алматы, Ақтау, Баянауыл, Оңтүстік Қазақстан бар. Соларды өркендетуды бастасақ, кейін өзі дами береді. 

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандық БАҚ өкілдеріне сұхбаты 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу