Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқу орнының жас педагог-ғалымдарының бастамасымен «t2t Networking» атты жоба бастау алды.
Университеттің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Қазақстанның жас педагог-ғалымдары қауымдастығының ұйытқы болуымен қолға алынған жоба орта білім беру саласында басшылық қызмет атқаратын университет түлектері мен еліміздің педагогикалық жоғарғы оқу орнындағы жас ғалымдардың ортақ диалог алаңын құрып, ауылдық жерде орналасқан мектептердің ғылыми-педагогикалық әлеуетін көтеруді мақсат тұтады.
– Жастар жылы мен Қыздар университетінің 75 жылдығы аясында қолға алынған жобаның көздеген мақсаты мол. Бұл бастама – оқу орны түлектерінің бәсекеге қабілеттігін арттырып, олардың жұмыспен қамтамасыз етуіне ықпал жасайды. Сонымен қатар, педагогтардың кәсіби әлеуетін жетілдіріп, білім беруде жаңа технологияларды қолдануды дамытады.
Біздің оқу орны студенттерінің басым бөлігі ауылдық мектептердің түлегі екендігін ескеретін болсақ, аталған білім ұялары жаңа білім беру бағдарламаларын толыққанды меңгеріп, жете танысқаны өте маңызды», – дейді жоба авторлары.
Шара аясында Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен Қарасай ауданындағы мектептер өзара ынтымақтастықты арттыру турасындағы меморандумға қол қойды. Құжатта университет түлектерін жұмысқа орналастыру және оларды мектеп бағдарламасына бейімдеу, бірлескен білім беру бағдарламаларын, оқу-әдістемелік кешендер мен оқулықтар әзірлеу, мектеп оқушылары мен студенттердің бірлескен ғылыми зерттеулері мен жобаларын жүзеге асыру, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруға көмектесу сынды мәселелер қарастырылған.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, алдағы уақытта бұл шара еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын таппақ.