Есенгелді Сүйінов: Тәуелсіздікті қастерлей білейік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Есенгелді Сүйінов: Тәуелсіздікті қастерлей білейік

17.12.2018

Жазушылар одағының мүшесі, ақын Есенгелді Сүйінов бүгін «Tańsholpan» студиясында қонақта болып, сұхбат берді.

«Тәуелсіздік күнін асыға күтемін. Бұл - ата-бабаларымыз аңсаған күн. Тәуелсіздігімізді қастерлеп, құрмет тұтуымыз қажет. Жастарға бұл күннің оңайшылықпен келмегенін айтып, ата-бабамыздың ерлігін баяндап, түсіндіруіміз керек»,-дейді ақын.

Сондай-ақ, Есенгелді Сүйінов студияда «Тәуелсіздік» атты өлеңін де оқып берді.

Тәуелсіздік – қандай ғажап сөз еді,

Сенсің енді өлеңімнің өзегі.

Арқа тұтып, қалай ұлың мақтанбас,

Азат болса, еркін болса өз елі.

Жат жұрттықтар бізді билеп, төстеген,

Сонда дағы үміт оты өшпеген.

Будандықтан бостандыққа қол жетті,

Ата-бабам талай ғасыр көксеген.

Құлбұрауды салып қойған мойынға,

Үзу еді қазағымның ойын да.

Мәз-мейрам боп, шүкіршілік етеді,

Барлық халық Тәуелсіздік тойында.

Қазақ ұлты ұшырады сан сынға,

Зұлым жылдар естен шығып, қалсын-да,

Тарыдай боп, жер жүзіне шашылдың,

Қайт еліңе, қаракөзім, барсың ба?

Берік болшы тіліңе де, салтыңа,

Тілейтінім бақыт, бірлік халқыма.

Тәуелсіздік - басқа қонған бағымыз,

Айырбасқа түспес, тіпті, алдынға.

27 жыл көрінеді ғасырдай,

Қуанышым әлі тұр ғой басылмай.

Еңсе түзеп, биіктеді абырой,

Бар әлемге қараймыз біз жасымай.

Ұмытайық өткен дәуір азабын,

Естіледі күміс күлкі, ғажап үн.

Тәуелсіздік - қандай жақсы сөз еді,

Өзің жайлы кәусар жырлар жазамын.

Толық нұсқа

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу