Қазақстан тарихын әлемдік айналымға шығару үшін қандай шаруа жасалады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан тарихын әлемдік айналымға шығару үшін қандай шаруа жасалады?

15.12.2018

Тәуелсіз елдің айнымас қағидасы бар, ол - тарихын түгендеу. «Біздің тарих моншаға түсіп жатыр, арқасын ақиқатқа ысқылатып» деп орынды сынаған азаматтар бар. Бұл - жанашырлықтың белгісі. Демек, «өлгені тірілді, өшкені жанды» дейтін тың көзқарас керек өткенімізге. Сол үшін де Президент «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала жазды. Білесіздер. Бұл еңбектің ең бірінші жолында «Кеңістік - барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» делінген. Ұлы даланың өткенін түгендеп, тау тұлғаларының есімдерін жаңғыртып, тарихымызды әлемдік айналымға шығару керектігі анық жазылған мақалада. Бұл берілген тапсырмаларға жауапты мамандардың жанталасып жұмыс істеуін қажет етеді. Елбасы ескертіп жазды, «Қай жағынан болсын, бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауға тиіс», деді. Қолдаймыз. Өйткені, өткен жетістіктерімізді жер басып жүрген жұмырбастылардың бәріне жеткізе білсек, бізге лек-легімен ағылатын турист те көп болады. Өзгелерді қарасаң, ішің ашиды. Мәселен, мынау АҚШ-та 1861 жылы ашылған түрме. Сан-Францискодағы аралда орналасқандықтан, бұл жақтан ешкім қаша алмаған. Тиісінше, ең қауіпті қылмыскерлер қамалған. Кейін, 1963 жылдың 21 наурызында осы атақты Алькатрас түрмесі жабылыпты. Бірақ, қараусыз қалған жоқ. Қазір мұнда әлемнің әр түкпірінен миллиондаған турист келеді. Қандықол қарақшылардың қандай түрмеде, қайсы камерада отырған көреді. Әне, елдер түрмесін тарихи орын деп танып, өзгелерге соны таңып, ақша тауып жүр. Біздегі салаға жауаптылар не істемек? Өткен тарихымызды әлемдік айналымға шығару үшін қандай шаруа жасалады?

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу