Еліміздегі саздан жасалған мүсіндер неліктен елдің қытығына тиеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі саздан жасалған мүсіндер неліктен елдің қытығына тиеді?

06.10.2018

Енді сәулетшілердің қиялынан туатын мүсіндерге келсек. Жасыратын несі бар, мынадай сәулет мүсіндері адамның қиялынан емес, қиялилардың ойынан шыға ма деп күңк ете қалатындар көп. Мысалы, «Гуэннола арыстаны» деп аталатын скульптура. Ирактың Бағдад қаласынан табылған 3,2 сантиметрлік мүсінге 5000 жыл толды дейді тарихшылар. Жартылай адам, жартылай арыстан іспетті бейнеленген осы скульптураны 2007 жылы бір бай 57,2 миллион долларға сатып алған. Жалпы, шетелдің сәулетшілері бірнәрсе жасаса, ол міндетті түрде әлгіндей ақылға сыймайтын ақшаға сатылады немесе елге турист тартудың таптырмайтын құралына айналады. Мысалы, Нью-Йорктегі Уолл-стрит көшесінде жер-жаһанның ақшасын жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстаған есепшілерге арнап құйылған қола бұқа. Әркім әрқалай сенеді, өзгелер сиырды Құдай қылып табынып жүргенін ескерсек, мынау кішкене ақылға сияды. Бірақ, мәселе мынада. Бұқаның мүйізін ұстап суретке түссе, жетістік әкеледі деген сенім болған ғой басында, сөйтсе, келген туристер қола малдың алдына емес артына тұрып фотоаппаратын жарқ еткізгенді жөн көреді екен. Бізде ше? Тиынды теңге қыла алмай жүргенде, теңгені тиін қылған Алматы қаласының әкімдігі мынадай мүсін қойды. Ел улап-шулап сынап кетіп еді, әйелдерді әкелді. Ал, шетелде мынадай бас бар, «Tete» деп аталады. 1910-1912 жылдары жасалған 60 сантиметрлік мүсінді 2010 жылы атын айтпаған кәсіпкер 52,6 миллион долларға сатып алыпты. Бұл «Құдайға махаббат» аталатын 1106 карат бриллианттан жасалған бас. 2007 жылы 100 миллион долларға сатылған. Бұл енді қажет нәрсе сияқты. Қысылсаң бастың быт-шытын шығарып бриллиант сатып отырасың ғой әйтеуір. Астана көшесіндегі мүсіндерді көріп ұялды ма, әлде тоңып қалады деп қорықты ма, әйтеуір, оларды қымтап жауып жүрген бір пысық алдыңғы жылдары әлеуметтік желінің жұлдызы боп кетіп еді. Соны Бельгияға апарып төбеден төменге шаптырып тұрған ескерткішті көрсетсе не боларын ойлаудан қорқам. Кішкентай-ақ, десе де алдынан турист арылмайды. Тиісінше қазынаға қыруар қаржы әкеледі. Ал, біздегі сәулетшілерге не жетпейді, неге сабаннан, саздан жасаған мүсіндеріміз елдің қытығына тиеді? Айып кімнен, қателік қайдан?

Еркін СЪЕЗҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу