Шетелдік киім-кешектерден жұртқа келер қандай қауіп бар? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдік киім-кешектерден жұртқа келер қандай қауіп бар?

22.09.2018

«Ит те киімге қарап үреді» деген қағытпа бар еді ғой, сол айтпақшы соңғы сәннен қалмайық деп бренд деген аты бар, шүберектен заты бар көйлек-көншікке құмарлардың тізімінде отандастарымыз алдыңғы сапта болмаса, соңында емесі анық. Оны атауын айтуға тілің күрмеліп қалатын жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған шетелдің бутиктеріне қарап білуге болады. Осы тұста «Гринпис», тәржімасы «жасыл әлем» деп аталатын халықаралық экологиялық ұйым сәнқойлар сабылатын, киіміне табынатын брендтердің бетпердесін ашып берді. Нақтыласам, шетелден тонналап тасымалданатын көйлек-көншіктердің көбінен полифторлы қоспалар анықталған. Ол еріп кетпейді, құрамын жоғалтпайды. Ғалымдар зерттеп көрген, сөйтсе киімге қосылған әлгі зат еркек пен әйелді белсіздікке ұшыратады екен. Сән қуып сайран салған ұлттар ұрпақсыз құриды деген сөз. «Гринпис» осыдан 3 жыл бұрын осындай қауіпті брендтердің тізімін жариялады. Puma, Adidas, Nike, Benetton, H&M, Mango, Zara, Burberry, Armani, Dizel, Gap, Versace, Luis Viutton, D&G, Hermes, Valentino секілді люкс компаниялар міне, мына зерттеуге сүйенсек сол сапта тұр. Осындайда «жамаулы киім де жаңбырға жарайды» деп ескі-құсқыны іле салып, жүре бергің келеді. Бірақ, адам көркі шүберек деген соң жаңасын жарастырып кигісі келіп тұратын жандар қашан да көп. Соларға құлаққағыс, сарапшылар ең қауіпті киімдер Қытай, Индонезия, Тайвань елдерінен тасымалданады деп қадап айтты. Жоғарыда аталған әлемге әйдік брендтердің басым бөлігі осы елдерде тігілетінін ескерте кету керек. Тағы бір ақпарат, Қытай, Индонезия, Тайвань сынды мемлекеттердің тоқыма өндірісі жылына өзен-көлдерге 400 миллион тонна ауыр металдар мен түрлі қоспаларды тастайды екен. Ол жақтағы елдің жағдайын ешкімнің басына бермесін.

Киімдердің сапасына қатысты даудың шыққаны сол-ақ екен, атақты брендтер адам түсініп болмайтын әрекеттерге көшті. Мәселен, The Times газетіндегі әріптестерімнің дерегі бойынша, Burberry компаниясы соңғы бес жылда бағасы 120 миллион доллар болатын 20 мыңнан астам затын осылай өртеп жіберген. Компания өкілдері бұл қадамдарын, сатылмаған заттарын арзанға бергісі келмейтінімен түсіндірген. Атақты француз бренды Louis Vuiton-да өтпеген сөмкелерін өртеп жіберуден басқа амал таппапты. Ал, сағат жасаудан әлем нарығында ойып тұрып алар орны бар Richemont бағасы 50 миллион доллар болатын өнімдерін жойып жіберген. Сағаттың өртенбейтіні анық, сондықтан, ұрып-шағып жоқ қылған. Арзанға тауарын сатпайтын, қымбатқа алуға көп ешкім батпайтын шетелдік киім-кешектерден біздің жұртқа келер қандай қауіп бар? Оларды кім, қалай, қай жерде тексереді?

 

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу