Азық-түлік саласындағы отандық өнім - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азық-түлік саласындағы отандық өнім

16.09.2018

Енді отандық өнімге келейік. Түрмесіз далада қорасыз қой бағып, мылтықсыз аң аулап, есігіне ала жіп байлап алты айшылық жолға алаңсыз шығып кете беретін алаш баласының не ішіп-жеп жүргені бәрімізге мәлім. Шенді шекпенділердің нені шеңгелдеп асап жүргенін бір Құдай біледі. Соңғы жылдары азық-түлік саласында отандық өнімді алайық деген науқан қатты жүрді. Сөрелеріне «Қазақстанда жасалған» деген жазуды самсатып ілген бірді-екілі супермаркеттер ашылып, ол жақта аз ақшаға себет толы тамақ алуға болады екен деген жарнамасы жер жарды. Кез келген сауалға мүдірмей тез жауап беруді үйреніп алған шенеуніктер соған сенді. Бізді де сендіруге тырысты. Осы тұста біз жауаптыларға: «табысы там-тұм ағайынның себет-себет тамақ алуына сөредегі бағалар мүмкіндік бермейді ғой, неге елді тағы алдап отырсыңдар, халықтан ұялмайсыңдар ма?» деген жоқпыз. Ондай ойымызда болмады. Біз жәй ғана, дүкендегі тамақтарды толтырып алуға қаржының жетер-жетпесін зерттеп, көрдік.

Жалпы, Қазақстан адамға азық болар заттарды экспорттаудан, яки шетелге шығарудан кенде емес екен. Ресми сандар солай дейді. Мәселен, өткен жылдың 9 айында әлемге әйдік елдер 145 миллион тонна Қазақ елінде жасалған азықты асапты. Құны 2 миллиард доллардан асқан. Атап айтсам, Ауғанстан, Біріккен Араб Әмірліктеріне ет пен құс еті, Қытайға өсімдік майы мен бал жеткізілген. Ал, Иран бізден тірі қой алуға мүмкіндік беретін ветеринарлық талаптарды бекітіп алған. Қолда барда қойдың қадірі жоқ деп, әлде біз бірнәрсені білмей жүрміз бе? Тізімін қарасаңыз отандық өнім баршылық, оның көбін қарапайым ел тұтынады. Ал, қайыс креслоларға жайғасып, жылы орынға әбден еті үйренген шенеуніктер не жейді, не ішеді?

 

 

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу