БҰҰ: Қазақстанда егде жастағы адамдардың саны таяу жылдары 11 пайызға артуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ: Қазақстанда егде жастағы адамдардың саны таяу жылдары 11 пайызға артуы мүмкін

12.09.2018

Әлемдегі ең ұзақ өмір сүрген адам Ли Цинъюнь екі жүз жылдан аса өмір сүрген. 9 патшалықты басынан өткерген ол 1677 жылы Сычуань провинциясына қарасты Цицзянсянда дүниеге келген. Ол өмірінің көп бөлігін Сычуаньдағы тауларда емдік шөптер жинап, ұзақ өмір сүрудің қыр-сырын түсінумен өткізеді.

Ол 256 жасына қараған шағында, 1933 жылы қайтыс болған. Қарияның 24 әйелінен 200 ұрпағы қалған.

Қазіргі таңда Қазақстанда егде жастағы адамдар халық санының 7,7 пайыздан астамын құрайды. БҰҰ сарапшыларының болжамы бойынша таяу жылдары бұл көрсеткіш 11 пайызға артуы мүмкін.

«Ерекше жандар» айдарының бүгінгі кейіпкері – 107 жасар Күрішбек Көжекбаев. Кітапқұмар ардагер Күрішбек Көжекбаев тарихи, поэзиялық кітаптар мен баспасөзді қалт жібермей оқиды. Ғасырдан астам өмір сүрген ақсақал қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметовамен бірге 1942 жылы майданға аттанған.

Күрішбек Көжекбаевтың көру қабілеті әлі де жақсы. Күнделікті оқиғалардан хабар алып отыратын оның денсаулығы да тың. Алайда қарияның басынан өткені аз емес. 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін күндері, Екінші дүниежүзілік соғыс. Қарияның жолында жақсы адамдар да көп кездескен.

Өнегелі жан өмір бойы мектепте сабақ беріп, халық ағарту жұмысымен айналысты. Күрішбек ақсақал үй шаруасын дөңгелетіп, немере-шөбересін де бақты. Көжекбаевтар отбасы 2017 жылы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, бірінші орынды иеленді.

 

Толық нұсқа

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу