«Shanyraq» тележобасы алғашқы шығарылымын отбасы тақырыбына арнады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Shanyraq» тележобасы алғашқы шығарылымын отбасы тақырыбына арнады

10.09.2018
«Shanyraq» тележобасы алғашқы шығарылымын отбасы тақырыбына арнады

Бүгін тұсауын кескен «Shanyraq» тележобасы алғашқы шығарылымын отбасы тақырыбына арнады. Студияға түрлі әулет өкілдері келіп, отбасы құндылықтары турасында ой өрбітті.

Отбасы дегенде көзіңізге не елестейді? Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы. Расында жанұя ізгілік қасиеттерге толы болуы тиіс. Жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» байқауының мақсаты Қазақстанның түкпір-түкпірінде мерейлі әулеттерді тауып, оларды көпке насихаттау. Басты талап – әрбір үміткер мерейлі отбасы мәртебесіне шын мәнінде лайықты болуы керек.

Байқаудың 2014 жылғы жеңімпазы Бимаханбетовтар отбасы 8 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан 33 немере мен 10 шақты шөбере сүйіп отырған жанұя. 2013 жылғы жеңімпаз Құлсариевтер отбасы 12 ұл-қыз, 43 немере, 41 шөбере өсірген. Ал, 2016 жылы дәстүрлі додада ақтөбелік Нұсқабаевтар 10 бала, 33 немере, 22 шөбере өсірген. Былтырғы жылы 67 жыл отандасқан Куриленко отбасы 10 бала, 30 немере, 22 шөбере туып, өсірген. 

Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын байқауға қатысамын дейтіндердің қатары жыл санап көбейіп келе жатыр.

«Атадан ұл туса - игі, ата жолын қуса – игі», деген қазақ. Әулеттің ізгі жолын қуған ұрпақ – ең мерейлі ұрпақ. Байқау жеңімпаздарының қайсысы да әке артынан еріп, тұтас династия жолын жалғастырғандар.

Солардың бірі студия қонағы Сансызбай Сыздықұлы мен жұбайы Баян апа.

«43 жыл бұрын таныстық. Содан бері қол ұстасып келеміз. Ұл-қызым, 11 немерем өсіп жатыр. Барлығы үйлі-жайлы, бақытын тауып отыр. 25 жыл тергеу саласында қызмет атқарып, зейнетке шықтым. Дәрияның жағасында 16 адамнан құрылған спорттық клубымыз бар. Кейде сонда жиналып, ойын ойнап, аң аулауға шығамыз», - дейді зейнеткер Сансызбай Сыздықұлы.

Ал, төртем сүйіп отырған ата-ана Қанат Сәбитұлы мен Гүлмира Сабирлиноважауапкершіліктің артқанын айтады.

«Әке болу - үлкен жауапкершілік. Ал, төртемнің әкесі болу төрт есе жауапкершілікті талап етеді. 4 баланың мінезі түрлі, бәріне бірдей махаббат беру керек», - дейді Қанат Сәбитұлы.

Бүгінгі студияға келген ерекше отбасылардың бірі – Нұрхановтар отбасы. Аспанда қауышқан бортсеріктер  Жандос Нұрханов, Айжан Нұрханова бір-бірін табуына мамандықтары себепші болғанын айтады.

«Бізді аспанда қауышып, шаңырақ құрған отбасы десе де болады. Бізді табыстырған - мамандық. Басқа мамандық таңдау мүмкіндігін берсе, осы мамандықты қайта таңдар едім. 2009 жылы танысып, 1,5 жылдан соң үйлендік. Қазір екі баламыз бар. Биыл үйленгенімізге 9 жыл. Отбасымыз үлгі болатындай деп ойлаймыз», - дейді Нұрхановтар.

«Shanyraq» бағдарламасының төріне бүгін сонымен қатар, әнші Роза Әлқожа отбасымен келді.

«Отбасымызда 5 баламыз бар. Үлкеніміз Алматыда оқу оқып жатыр. 2001 жылы үйлендік. Биыл отау құрғанымызға - 17 жыл. Өнерде тығыз жұмыс жасап жүргеніме 5-6 жыл болды. Оған дейін сахнаға көп шыққан жоқпын.

Балаларымыз да шығармашылыққа жақын. Олар ән салады, өлең жазады. Мұндай балаларды тәрбиелеу оңай емес екен. Әр қайсысына жеке көңіл бөлу керек. Кейде екі қалада тұруға тура келеді. Алайда, балалар бір-біріне көмек беріп, қолдап тұрады. Көмек береті ағайын-туыстар да бар», - дейді әнші.

Еске сала кетейік, аталмыш бағдарламаны Ұлттық арнадан дүйсенбі-жұма аралығында  сағат 15:15-те көре аласыздар.

 

Хабарламаларға жазылу