«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында UFC жекпе-жектерін көрсету құқығына ие болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында UFC жекпе-жектерін көрсету құқығына ие болды

05.09.2018
«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында UFC жекпе-жектерін көрсету құқығына ие болды

Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мен «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулиннің қатысуымен «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында UFC жекпе-жектерін көрсету құқығына ие болды» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз мәслихатында сөз алған Басқарма төрағасы Ерлан Қарин «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бүкіләлемдік UFC спорт ұйымының жекпе-жектерін Қазақстан аумағында бір жарым жыл бойы көрсету құқығына ие болғанын айтты.

«2018 жылдың қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында UFC-тің 14 жекпе-жегі эфирге шығады. Соның ішінде, 6 қазан күні Лас-Вегаста өтетін ирландиялық Конор МакГрегор мен ресейлік Хабиб Нурмогомедовтың арасында өтетін UFC229 кеші де  көрсетілетін болады. Ал, 2019 жылы 40-тан астам турнирдің көрсетілімі жоспарланып отыр. Жекпе-жек кештерінің негізгі көрсетілімінен бөлек, Қазақстандағы белгілі ММА мамандарының қатысуымен түрлі студиялық бағдарламалар мен атақты UFC спортшылары туралы арнайы хабарлар дайындалады. Аталған келісім-шарт елімізде осы спорт түрінің дамуымен қатар, қазақстандық спортшылардың халықаралық деңгейде дайындалуына септігін тигізетін болады»,деді Е.Қарин.

Айта кету керек, Ultimate Fighting Championship (UFC) -  аралас жекпе-жек спортында жылдам дамып келе жатқан спорттық ұйым. Бас кеңесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез-келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарналар мен миллиондаған жанкүйерлерді жинайтын ауқымды шараға айналған.

Ал, Головкин мен Альварес арасындағы бокс кешіне тоқталған Павел Цыбулин: «барша қазақстандықтар асыға күтіп жүрген GGG мен «Канело» арасындағы жекпе-жекті 16 қыркүйекте көрсететін боламыз.

Сонымен қатар, 20 қыркүйектен бастап біздің арналарымызда «Qazaqstan FIGHTER» жобасының тұсаукесері болмақ. Бұл жобада жас спортшылар «Аралас жекпе-жектен Қазақстанның ең мықты спортшысы»  атағы үшін сынға түсетін болады.  Жобаның мақсаты - Қазақстандағы аралас жекпе-жек спортын дамыту»,- деді.

Хабарламаларға жазылу