«Қазақстан барысы-2018» жеңімпаздары «Таңшолпанда» қонақта - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан барысы-2018» жеңімпаздары «Таңшолпанда» қонақта

02.07.2018

Шілденің 1 күні Астанада «Қазақстан барысы-2018» турнирі өткен болатын. Сол турнирде жеңіске жеткен палуан  Ержан Шынкеев пен күміс жүлде иегері Ерасыл Қажыбаев  бүгін «Таңшолпанда» қонақта болып, белдесуден алған әсерлерімен бөлісті.

«Белдесудің оңайы болмайды. Шетінен іріктеліп келген палуандар, дайындықтары мықты, жеңіс оңайлықпен келмейді. Биылғы жеңімпаз келер жылғы турнирге іріктеусіз бірден өтеді. Негізі келер жылы да қатысу жоспарда бар. Бірақ, оны уақыт көрсетеді», дейді жеңімпаз.

Көрерменнен келген ырымға сенесіз бе деген сауалға палуандар:

«Қазақ болғаннан кейін ырымға сенеміз. Қадамымыз оң болсын деген ниетпен киіз үйден шығарда оң аяқпен, кілемге түсерде тағы оң аяқпен аттауға тырысамыз»,-дейді.

Жалпы, қазақ күресі, «Қазақстан барысы» турнирі турасында Ержан Шынкеев:

«Осы «Қазақстан барысы» турнирі басталғалы бері қазақ күресіне қызыққан жас жеткіншектер қатары 5 есе көбейіп кетті десем артық айтқандық емес. Күреске қызығатын жастар көп, Қарағанды облысының қай спорт үйірмесіне барсаңыз да бала толық. Қазақ күресі Қазақстан бойынша бүкіл спорттың алдында тұр. Біздің соңымыздан еріп келе жатқан жастар көп. Бізден де асып түсер алыптар өсіп келеді.  Түбінде елімізді осы күреспен-ақ әлемге танытады деп ойлаймын»,-дейді.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көріңіз.

Хабарламаларға жазылу