Ардаби Мәулет: Жарлық аясында домбыраны дәріптеп жүргендерге мемлекет тарапынан үлкен құрмет көрсетілсе - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ардаби Мәулет: Жарлық аясында домбыраны дәріптеп жүргендерге мемлекет тарапынан үлкен құрмет көрсетілсе

01.07.2018

«Таңшолпан» студиясында күйші,зерттеуші Ардаби Мәулет домбыраның көпшілік біле бермейтін сырларымен бөлісті.

«Жалпы, қазақтың ұлттық аспабы туралы зерттеулер Әл-Фарабидан Болат Сарыбаевқа дейін. Одан кейінгі буын қазір зерттеп жатыр. Ғылым докторы Сәуле Өтеғалиева зерттеулерінде қазақ домбырасын үлкен үш бағытқа бөледі. Ол Алтай домбырасы, баяғы ескі көмеймен айтылатын домбыраларға жақын екі-үш ішекті домбыра. Одан кейінгі Арқа домбырасы, кейде қалақ домбыра деп те аталады. Арқаның шертпе күйлерінде қолданылатын домбыралардың мойны қысқа, перне саны да 7-9 болған. Оркестрлік жүйе қалыптасқаннан кейін пернелер саны көбейген. Батыс Қазақстандағы ескі домбыралардың үлгісі пернелік саны көбірек, мойыны ұзындау, қозықұйрық шанақ болған. Осылай үш бағытқа бөліп қарастырған», - дейді зерттеуші.

Сонымен қатар, Ардаби Мәулет домбыра күніне қатысты өз ұсынысын да білдірді.

«Елбасы Жарлығымен Ұлттық домбыра күні белгіленді. Болашақта осы Жарлық аясында домбыраның байырғы дәстүрді ұстап отырған өкілдеріне мемлекет тарапынан үлкен құрмет көрсетілсе деймін. Мысалы, күйші болса, Халық күйшісі деген атақ беру сияқты», - деді ол.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу