ХІ Астана экономикалық форумының екінші күнінде қалалар бәсекелестігі турасында ой қозғаған Колумбия университетінің профессоры, Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінің негізін қалаушы Хавьер Сала-и-Мартин бүгінде түрлі зерттеу жұмыстары жүргізілгенін, нәтижесінде 6 идеяның барын айтады.
«Қазір біз көптеген зерттеулер жүргізіп жатырмыз және 6 идея бар:
1 идея – елдің экономикалық жетістігінің сыйқырлы формуласы жоқ;
2 идея – даму мен бәсекеге қабілеттілікке жету қиын процесс;
3 идея – біз әр елдің спецификалық бөлшектерін біле бермейміз. Біз тек жалпы картинаны ғана көре аламыз. Швецияда жұмыс істейтіннәрсе Қытайда іске аспауы мүмкін;
4 идея – біз төртінші өндірістік революцияның дәл ортасында тұрмыз. Төртінші өндірістік революция негізінде технология және жасанды зердемен жұмыс жатыр. Мысалы, пилотсыз басқарылатын жаңа технологиялар қазір қолданыста.
5 идея – кәсіп, саясат, мемлекет және халық үнемі болып жатқан өзгерістерге сай бейімді болуы керек. Кейбір мамандықтар мүлдем жойылып кетуі мүмкін, сондықтар адамдар мұндай өзгерістерге бейімделе алуы қажет.
6 идея – барлық саясаттың атасы – білім. Білім алу үшін орасан күш жұмсалуда. Мысалы, бухгалтерлік есеп фунциясын жасанды зерде атқара алады. Қазір бізге балаларды өзгерістерге тез бейімделе алатындай тәрбиелеу керек. Өзгерістерге бейімделе алмайтындар мүлдем жойылып кетуі мүмкін».
Айта кетейік, АЭФ үш күнге созылмақ. 17 мамырда форумға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, қарым-қатынас мәселесінде алпауыт мемлекеттердің негізгі проблемасын атады. Халықаралық деңгейдегі мұндай жиын елордамызда осымен 11-ші рет өтуде.
Фатима Нургалиева