Қазақстан Президентінің қатысуымен Астана экономикалық форумы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Президентінің қатысуымен Астана экономикалық форумы басталды

17.05.2018
Қазақстан Президентінің қатысуымен Астана экономикалық форумы басталды

Елордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Global Challenges Summit 2018 форумының «Жаһандық сын-тегеуіріндер әлемі» пленарлық отырысы басталды.

XI Астана экономикалық форумы  17 мамыр мен 19 мамыр аралығында өтеді.   Бұл жолы дәстүрлі тақырыптар – жаһандық экономика, цифрландыру мәселелерінен бөлек, геосаяси, экологиялық проблемалар, урбанизация, табиғи ресурстар, жаңа энергия, ғаламдық қауіпсіздік, адамзаттың сапалы өмір сүру ұзақтығы сынды түйткілдер көтеріледі.

Астана экономикалық форумы 10 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында форумның спикерлері саясаткерлер, ғалымдар мен экономистер, әлемдік деңгейдегі журналистер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары мен бизнес өкілдері болған. 2008 жылдан бері елордадағы елеулі жиынға 100-ден аса мемлекеттен 50 мыңдай делегат келді. Олардың ішінде 20 Нобель сыйлығының иегері, 30 шетелдік жоғарғы деңгейдегі саясаткер бар. Конгресс шеңберінде 20 млрд. доллардан асатын сомаға 300-дей меморандумға қол қойылды.

Биылға форумға 4500 отандық, 500-ден астам шетелдік делегат қатысады деп жоспарланған. Бұл - АЭФ тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд, БҰҰ Бас хатшысы болған Пан Ги Мун, әйгілі «Apple»-дің құрылуына өз үлесін қосқан Стив Возняк, танымал футуролог Митио Каку сияқты беделді саясаткерлер - биылғы форумның спикерлері.

Алғашқы екі күн бойы қатысушылар жаһандық мәселелерді талқылайды. Ал, соңғы күні спикерлер алты бағыт бойынша Қазақстан Үкіметімен форумға қатысушы сарапшылармен бірлесіп жұмыс істейді.

 

Хабарламаларға жазылу