Қазақстандағы пойыздардың күйі қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы пойыздардың күйі қандай?

05.05.2018

Арамызда темір жолмен жүрмеген, пойыздарға мінбеген, вокзалдарға кірмеген адам кемде-кем шығар. Ақысын төлеп темірді тақымдаған жұрт айшылық алыс жерлерге тәуліктеп жеткізетін отарбаның ішінде жайлы, ың-шыңсыз, у-шусыз жатсам дейді. Бірақ, біздің елдегі шойын жолда әрі-бері жүйткіген темір техникаға елдің айтар базынасы басым болып тұр.

Шаршы алаңның тілімен түсіндірсем былай - қарапайым жолаушылар пойыздардағы тазалық сын көтермейді, бүйте берсе вагон іші қоқысқа айналып кетер дейді. Жолсеріктер билетсіз адамнан қолма-қол ақша алып мінгізеді, тіркелмеген жүктерді вагонға кіргізеді деп сынмен шабуылға шығады.

Темір жолдағы тәртіптің темірдей болуына басымен жауаптылар заңсыздыққа барғандарды қызметтен күзедік, қателіктің бәрін түзедік деп қорғанады. Тақырыпқа тұздық болған дүние жүзіндегі тұңғыш бу локомотиві 1825 жылы Англияның Стокон қаласынан Дарлингтон қаласына қатынаған. Қашықтығы 21 шақырым болыпты.

Ал, қазақ жеріндегі тұңғыш темір жол магистралі 1894 жылдың 25 қазанында Покров слободосы мен Орал тар табанды темір жол телімі ашылғанда пайда болды. Аталған жолдың 130 шақырымы Қазақстан аумағын басып өткен екен. Әрине, ол кезде сервис сұрап, сынайтындар болмаған шығар, өйткені, пойыздың өзі таңсық еді. Ал қазір ше?

«Мәселенің» парақшасына келген бірнеше пікірді оқиын, темір жолға жауаптылар көріп отырса, түртіп алсын. «Қызылорда-Көкшетау» пойыздын да тексеріңіздерші, жолсеріктері дөрекі, іші сасып былығып жатады.

«Артық сөмкең болса, ақша сұрап маза бермейді, телефон зарядтау үшін 200-500 теңге, өздерінше тариф қойып алған», дейді.

Екінші қолданушы: «Өтініш, пойыздардың төсектерін тексеріңіздерші, көрсеңіздер шошисыздар. Матрасы да масқара. Төсектерін жумай, қайта орап сала салады», дейді. Келесі пікір: «Семейден Астанаға баратын пойыз да таза емес, дәретханасы сасып, бүкіл вагонды алып тұрады», деп жазыпты.

Қазақта «халық сыны қатесіз» деген бар. Осы орайда, Қазақстандағы темір жолдың тізгінін ұстағандарға «жұмыстарыңды атқармай ай қарап жүрсіңдер ме, ағайынды осынша ашындырып түк көрмегендей отыра беретін көрсоқырсыңдар ма, қолдарыңнан түк келмесе, текке ақша алмай орындарыңнан кетпейсіңдер ме, елдің қамын емес, нанын жеуге ұялмайсыңдар ма» демейміз, тек жұртқа жақсы жағдай жасалса, дейміз.

 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу