Ахметжан Аширидің екі халық арасында алтын көпір болуына бала махаббат арқау болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ахметжан Аширидің екі халық арасында алтын көпір болуына бала махаббат арқау болған

18.04.2018

«Дара жол» бағдарламасының кезекті шығарылымы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ахметжан Ашириге арналды. Бағдарлама барысында жазушының шығармалары мен өмір жолын баян етілді.

Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Оразақын Асқар Ахметжан Аширидің студенттік шағын сөз етсе, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеев оның өзгелерден ерекшелігін атап өтті. Сондай-ақ, Ахметжан Аширидің шығармашылығымен етене таныс жандар өз ойларын білдірді.

Оразақын Асқар, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:

- 1956 жылы жан-жақтан оқу іздеп, Алматыға келдік. Сол кезде таныстық. Оның студент болып келген кезде жеке кітабы әлі шықпаса да,  әңгімелері «Таң самалы» атты ұжымдық жинаққа енген болатын. Кейін жеке жинақтары да шыға бастады. Қазақ пен ұйғырлардың достығы жайында «Жалғыз жалбыз» дейтін кітабы шықты.

Ахметжан Аширидің екі халық арасында алтын көпір болуына арқау болған  бала махаббат екен. «Дара жол» кейіпкері оны растап, өз аузынан баян етті. Жазушы өз ата-анасы жайлы естеліктерін айтқанда, ішіндегі өкінішін де білдірді.

«Анам 54 жасында қайтыс болып кетті. Бір-ақ естелік суреті  қалды. Иығына бір жаулық, орамал алып бере алмағаным, осы күнге дейін қатты ойландырады. Дүние толмай жатқандай болады. Бір өкінішім сол», - дейді Ахметжан Ашири.  

Сонымен қатар, бағдарлама барысында «Жалғыз жалбыз» пьесасынан монолог ұсынылып, ұйғыр этносының ұлттық әуені шырқалды.

Хабарламаларға жазылу