Арықтарды толық қылу, семіздерді аздыру үшін не істеу керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арықтарды толық қылу, семіздерді аздыру үшін не істеу керек?

07.04.2018

ХІХ ғасырда өмір сүрген Франсуа Фурнье: «Семіздік - бұл соғыс, ол жерде бір ғана жау бар бірақ, құрбандары өте көп» депті. Арада екі ғасыр өтті, жеті қат жерді игеріп, алты қат аспанға ұшқан адамзат тап осы артық салмақпен күресуге келгенде қауқарсыз. Бұл мәселенің ушыққаны сонша, 1948 жылы құрылып талай қарулы қақтығысты, дауасы жоқ дерттерді тоқтатуға мұрындық болған Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы адамзаттың дамуын семіздік секілді тоқыратқан дүние бұрын-соңды болмағанын ресми айтты. Мәліметтері мынадай, қазір жер басып жүрген 7 миллиард адам бар десек, соның 1,5 миллиардынан артық салмақ анықталған. 500 миллион ересек адам семіздік атты айықпас дертке шалдыққан. Ең қорқыныштысы, тамақтан өткеннің бәрін шайнап жұта салатын үлкендерден бөлек, бесіктен белі шықпаған балалар да артық ойнап күле алмайтын, еркін жүгіріп жүре алмайтын болған. 2010 жылы әлемде 5 жасқа дейінгі 45 миллион баланың семіздікке шалдыққаны анықталды. Әрине, «біреудің салмағы біреуге салмақ болмайды ғой», дейтіндер табылады. Бірақ, алты құрлықтағы адамды бес саусағындай зерттеген Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы естіген елдің есін екеу, түсін төртеу қылған ақпаратты және хабарлады. Артық салмақтың салдарынан адам денесінде айтып бітпейтін сырқаттар пайда болып қалыптан тыс толықтардың өмір сүру ұзақтығы 5 жылға, ал, семіздердің өмірі 10-15 жылға қысқарады екен.

АҚШ-дағы «Созылмалы аурулар және денсаулық сақтау» ұлттық орталығы мынадай мәлімет таратты. Артық салмақтың салдарынан жылына 300 мың америкалық көз жұмады екен. Жалпы, адам бойында анықталған аурулардың 60 пайызы семіздіктің салдарынан пайда болатынын және хабарлады. Статистикаға жүгінсек, азаматтары семіздік атты дертке шалдыққандардың көшін Мексика бастап тұр. Ол жақта адамдардың 32,8 пайызы тым толық. Екінші сатыда АҚШ. Америкалықтардың 31,8 пайызы семіз. Үшінші орында Сирия, адамдарының 31,6 пайызында артық салмақ бар деп жазылған әлемжеліде. Біз бұл тізімде жоқпыз әрине, бірақ, толықтардан кендеміз деу ұят болар. Айтпақшы, семіздік адам денсаулығын дімкәс қылатынын бір деп алсақ, экономикаға да зардабы орасан екен. Яки толықтар ауыр жұмысты, білек күшін қажет ететін қызметтерді атқара алмайды. Салдарынан еңбек өнімділігі азаяды. Бір ғана Америка экономикасына азаматтарының семіздігі салдарынан жылына 270 миллиард доллар шығын келеді екен. Мәліметтерді тізгенде адамзат тарихындағы ең толықтардың тізімін жасамай кетсек жарамас. Ең ауыр адам француз Рено ле Жюрасьен. 1937 жылы оның суретін басқан Франциядағы белді журнал Реноны таразыға тартқанда салмағы 662 келіні көрсеткен. Екінші сатыда Джонни Али, көзі тірісінде салмағы 563 келі болыпты. Салмақтылардың үшіншісі Роберт Эрл Хугс, 30 жасында салмағы  530 келі тартқан. Төрттікті техастық Михаил Балкер түйіндейді, 1967 жылы оны таразыға тартқанда салмағы 500 келі болыпты. 

Бұрынғыларды былай қойғанда бұл бүгін бүкіл әлемді жайлаған семіздік дертінің кезекті құрбаны. Үндістанның Пенджаб қаласында туылған Чахат Кумардың салмағы 8 айлығында 18 келі болды. Дәрігерлер бөбектің денесіндегі майдың қалыңдығынан одан қан да ала алмады. Әзірге оның шектен тыс салмақ жинауын тоқтатудың амалын табу мүмкін болмай тұр. Өзгені қойып өзімізге келейік. Біздің қоғамды да толықтық қатты толғантқанға ұқсайды. Мәселен, әлеуметтік желіден қазақша қаріппен арықтау жолдарын іздесең, 434 мың нәтиже шығады. Айына бұл тақырыпты біздің қандастар 675 рет іздейді екен. Тап осы тұста, семіздерді аздырам, ал, арықтарды толық қылам дейтін жарнамалардан көз сүрінеді. Адамның жанды жерін білетіндер әлеуметтік желіні жаулап алды. Интернеттің инесіне отырғандар заңды-заңсыз жолмен келген ыдыстардағы дәрумендерді шеңгелдеп асап әлек. Бірақ, мұның адамға қандай зияны барын ешкім ескертпейді, әрине. Сонымен, арықтарды толық қылу, семіздерді аздыру үшін не істеу керек? Бүгінгі біздің адамдар не ішіп жүр өзі?

 

Еркін СЪЕЗҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу