Заң бойынша КСК төрағасын сайлағанда нені ескеру керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заң бойынша КСК төрағасын сайлағанда нені ескеру керек?

31.03.2018

Астанада көпқабатты үйдің сыртқы материалы ажырап түсіп, ауладағы көлікке қадалып қалған. Келесі, тағы бір зәулім үйдің шатырынан қар құлап төмендегі көліктің шынысын шағып, темірін майыстырып тастаған. Екеуінде де жауапты пәтер иелері кооперативі бастарын ала қашып, айыптыны айналадан іздеп әлеуметті әбігерге салды.

Бірақ, көпқабатты үйлердің іші мен сыртындағы қауіпсіздікке басымен жауаптылар бар екенін ескеру қажет. Олар пәтер иелері кооперативі немесе КСК деп жатамыз. Олардың қызметіне қоғамның қарны ашқаны соншалық, бүгінде «пәтер иелері кооперативі керек пе?» деген тақырып жиі көтерілетін болды. Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының мәліметінше, қазір бізде 78 мыңнан астам көп пәтерлі тұрғын үй бар екен. Әрқайсысының КСК-сы бар. Бірақ, тындырған тірліктері түкке татымайды, ал, ағайыннан ақша жинауға келгенде арандары әбден ашылған. Пәтер иелері кооперативтерінің бассыздығын басы бүтін жою үшін олардың орнына басқарушы компаниялар тағайындау немесе меншік иелері бірлестігін енгізу керек деген бастамалар көтерілуде.

Кооперативтер су мен электр жүйелерінің үзіліссіз жұмыс істеуіне, кәріз жолдарының бүтіндігіне жауапты. Оған қоса, көпқабатты үйлердің кіреберісіндегі терезелерді бәзбіреулер шағып кетсе, соларды уақытылы ауыстыруға, бес жылда бір рет кіреберістің қабырғаларын жөндеп баспалдақтары мен төбелерін сырлап тұруға міндетті. Оған қоса, үйдің төбесінен су ақса, саңылауын бітеу мен қарды тазалауға да пәтер иелері кооперативтері жауапты. Тұрғындар алдында олардың тағы қандай міндеті бар және істеріне жүрдім-бардым қарағандарын қалай жазалауға болады? Осы тақырып турасында Еркін Съезұлының материалында.

 

 

 

Хабарламаларға жазылу